Қасымхан Бегманов

Көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат", "Құрмет" ордендерінің иегері.
Қазақстан Жастар Одағы, халықаралық "Алаш" және тәуелсіз "Ильхам", Т.Айбергенов атындағы республикалық әдеби сыйлықтарының лауреаты;
Қоғамдық марапаттар мен атақтар жөніндегі Республикалық Кеңес Марапат Алқасының 2017 жылғы 7 желтоқсандағы №122 бұйрығы бойынша "Ұлт қайраткері" (куәлік №115, берілген уақыты 11 желтоқсан, 2017 жыл) құрметті атағымен және "Алаш Арыстарының ізбасары" құрметті атағымен ("Қамшы" ақпарат агенттігінің халықтық сауалнама нәтижесінде 2017 жылдың, 25 желтоқсанында) марапатталды.
Қазақстан Журналистер одағының, Халықаралық жазушылар мен публицисттер қауымдастығының, Бас редакторлар клубының мүшесі, ЮНЕСКО-ның аясындағы Әлемдік өнер және мәдениет Академиясының тұрақты мүшесі. Әлемдік өнер және мәдениет Академиясының ғылым докторы. Қазақ ПЕН-клубының мүшесі.
Қасым Аманжоловтың 90 жылдығына орай өткізілген республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдегері, Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған халықаралық жыр мүшәйрасының бірінші орын иегері.
Түркістан облысы әкімінің 2012 жылғы 29 қазандағы №1-267 Өкімімен "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" медалін иеленді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің "Ақпарат саласының үздігі" (2021 ж. 23 маусымдағы №226 Жарлығы бойынша) төсбелгісімен марапатталған. Ақтөбе облысы әкімінің "Бәкір Тәжібаев атындағы номинациясын" (2021 ж.) иеленді.
Түркістан, Кентау қалаларының және Сауран ауданының құрметті азаматы.
Баспасөз күніне орай ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы Алғыс хатымен (2023 ж.) марапатталды.
Тұңғыш жыр кітабы "Бастау" деген атпен студент кезінде "Жалын" баспасынан шыққан. Одан кейін "Жазушы" баспасынан "Қарашық" (1990 ж.), "Бесіктен бейітке дейін" (1997 ж.), "Өлке" баспасынан "Сағыныш" (2000 ж.), "Ол көктем оралмайды" (2006 ж.), "Менің Түркістаным" ("Атамұра", 2008 ж.), екі томдық таңдамалы кітаптары ("Ұшпақ", 2008 ж.), "Ақ жаңбырлар әуені" ("Қайнар", 2010 ж.), "Дәстүр" баспасынан "Күреңбел" (2014 ж.), «Көкжиек» (2020 ж.) жыр жинақтары, "Соны соқпақ, қоңыр мұң" жыр кітабы ("Атамұра", 2023 ж.), "Құланиек, құба таң" таңдамалылары ("Мерекенің баспалар үйі", 2023ж.), көптомдық шығармалар жинағының 15 томдығы ("Atameken" баспасы, 2024ж.) жарық көрді.
Қырғызстанның "Улуу Тоолор" баспасынан (Бішкек қаласы) "Гүл көктөм"деген атпен қырғыз тіліндегі жыр кітабы 2017 жылы қырғыз ақыны Марқабай Ааматовтың аудармасымен жарыққа шықты. "Күреңбел" кітабы Татарстанның "Илһам нәшрияты" атты баспасынан 2017 жылы ақын Рафис Құрбанның аудармасымен татар тілінде Қазан қаласында жарық көрген. ХХХVII халықаралық поэзия конгресінің аясында моңғол тілінде "Алаш орда гэрээслэл" атты кітабы шығып, "Word poetry 2017" атты ағылшын тіліндегі антологияға өлеңдері енген. Бір поэмасы мен бірнеше өлеңдері Ресейдің белгілі ақыны Михаил Синельниковтің аудармасымен "Семиречье" атты кітабына шыққан. Өзбекстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, жазушы Насыр Фазыловтың алғы сөзімен, Қарақалпақстанның халық ақыны Мұзафар Ахматтың аудармасымен Ташкент шаһарында "Әдебиет ұшқындары" баспасынан 2017 жылы "Саогинич" деген атпен жыр кітабы өзбек тілінде жарық көрді.
Сонымен қатар "Дәстүр" баспасынан "Этнографпен әңгіме" (бірінші басылым, 2010), "Салты мықтының – халқы мықты" (екінші басылым, 2011) "Өлке" баспасынан жарық көрді. "Мұстафа Шоқай жолымен" атты екі томдық бірінші рет (2012), мемлекеттік бағдарлама бойынша "Сөздік" баспасынан екінші рет (2013) көлемді тарихи-зерттеу еңбегі жарық көрді. 2017 жылы "Дәстүр" баспасынан "Дәстүр: кеше, бүгін, ертең" атты төрт томдық кітабы, 2021 жылы "Abai" baspasyнан "Экспедициядан кейінгі өмір" кітабы шықты.
Түркістан облысы, Сауран ауданы, "Шаға" ауылында Қ.Бегманов атындағы 200 орындық жекеменшік мектеп-гимназиясы және бөбекжай-балабақша ашылды.
"Мұстафа Шоқай жолымен" атты төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильмі еліміздегі орта мектептерде тарих пәніне қосымша электрондық оқулық ретінде бағдарламаға енген.
Драматургия жанрында "Мұстафа Шоқай" тарихи поэтикалық драмасын, "Мұстафа Шоқай" тарихи драмасын және "Менің Мұстафам!" атты монодрама жазды. "Менің Мұстафам!" монодрамасы М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры жариялаған "Монодрама" байқауынан "Үздік тарихи монодрама" (2021 жыл) номинациясын жеңіп алды. Қазір аталған театр сахнасында Ә.Рахимов режиссурасымен жүріп жатыр.
Қазақтың халық ертегілері желісімен балаларға арнап жазған "Ер Төстік" және "Ұр, тоқпақ!" пьесалары Алматы мемлекеттік қуыршақ театры мен Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театрында, Шымкент қуыршақ театры сахналарында табысты өтіп, репертуарына қосылды. Қазақстандағы театр сыншылары бірлестігі жүргізген мониторинг бойынша 2022 жылы драматургиялық шығармалары ең көп қойылған он драматургтың қатарынан орын алды. Алматы мемлекеттік қуыршақ театрында "Ұр тоқпақ!" пьесасы бойынша қойылған спектакль Театр сыншылар бірлестігінің жылдық қорытындысының нәтижесінде "Қуыршақ театрының жыл қойылымы-2022" номинациясын жеңіп алды. Сол сияқты Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театрының сахнасында былтырдан бері аншлагпен жүріп жатқан "Ер Төстік" пьесасы бойынша қойылған спектакль "Балаларға арналған спектакльдегі жылдың шығармашылық жұмысы" деген Театр қайраткерлері Одағының ұйымдастыруымен сегізінші рет өткізілген "Еңлікгүл-2023" театр сыйлығын иеленді.
Елге кең тараған көптеген ән-өлеңдерінің авторы.
Шығармашылық өмірбаяны ұлттық және қазақ әдебиеті энциклопедияларында, топтама жырлары қазақ поэзиясының антологиясында жарық көрген.
Ақын өлеңдері сондай-ақ, орта мектеп оқулықтарының қазақ, өзбек тілдерінде шыққан хрестоматияларына енген.

ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ

Байланыс орталығы

Электронды почта

Әлеуметтік желілер

© Қазақстан Жазушылар Одағы

Қазақстан Республикасы, Алматы, Абылай хана 105

Scroll to Top