Қазақ елі Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, классик жазушы-драматург Дулат Исабековті ақтық сапарға аттандырды

Бүгін Қазақстан Жазушылар одағында қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері, көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековпен қоштасу рәсімі өтті. Бұл қаралы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, қаламдас достары, оқырмандары мен туған-туыстары жиналып, қазақ руханиятының орны толмас қазасына ортақтасты.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов ашып, Дулат Исабековтің қазақ әдебиеті мен руханиятындағы шоқтығы биік орнын атап өтті. Ол жазушының қаламгерлік қуаты мен азаматтық болмысы жайлы әңгімелеп, қаралы қауымға көңіл айтты.

Алғашқы сөз Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Тынымбайұлы Қаринге беріліп, ол Дулат Исабековтің санқырлы шығармашылығына тоқталып, жазушының қазақ әдебиетіндегі теңдессіз еңбегін атап өтті. Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып, мемлекет тарапынан қаламгер еңбегінің жоғары бағаланғанын жеткізді.

Келесі болып Қазақстанның Еңбек Ері, театр және кино өнерінің тарланы Асанәлі Әшімов сөз алып, Дулат Исабековпен өткізген жарқын күндер жайлы естеліктерімен бөлісті. Ол жазушымен бірге өткен ғұмыр жолының сәттерін еске алып, Дулат Исабековтің қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан өлшеусіз үлесін тебірене еске алды.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Төлен Әбдік болса, Дулат Исабековпен болған достығының мән-маңызына тоқталып, оның шығармашылық келбеті мен адами қасиеттерін жүрек сыздатар сағынышпен баяндады.

Жазушы, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржеке де сахна төріне көтеріліп, қазақ әдебиетінің бір дәуірін қалыптастырған қаламгерлер арасындағы шынайы достық пен шығармашылық ынтымақтастық туралы сыр шертті. Ол Дулат Исабековтің жазушылық жолына, әдебиеттегі өрнекті іздеріне тоқталып, оның мұрасы мәңгі жасайтынын атап өтті.

Жазушының отбасы атынан Мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әлмаханұлы Әбішев сөз сөйлеп, Дулат Исабековтің отбасына, оның жақындары мен ұрпақтарына деген сүйіспеншілігін, қалдырған мұрасы мен өшпес өнегесін тебірене жеткізді.

Қаламгер інілерінің атынан ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин сөз алып, қазақ руханиятының ауыр қайғысына ортақтасып, Дулат Исабековтің қазақ әдебиетіндегі қайталанбас қолтаңбасын атап өтті.

Дулат Исабеков – қазақ прозасының шебері, драматургияның дарабозы, ұлттық руханияттың алып тұлғасы еді. Оның шығармалары ел жадында мәңгі сақталады, ал оның әдеби мұрасы келешек ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз.

Қазақ әдебиетінің қаралы күнінде жиналған жұртшылық оның рухына тағзым етіп, соңғы сапарға шығарып салды.

Қазақстан Жазушылар одағының
Баспасөз қызметі

Scroll to Top