
Бүгін Атырау қаласының «Салтанат» сарайында Қазақстан Жазушылар одағының «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» атты көшпелі пленумы өтті. Бұған дейін Түркістан қаласында бастау алған бұл игі дәстүр – жазушылар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, жұмысшы мамандықтары мен еңбек адамының көркем образын бейнелеуге бағытталған мазмұнды кездесу ретінде өз жалғасын тапты.
Жиын алдында пленумға қатысушылар қазақтың аса көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қ рәсімі өтті. Содан кейін жиналғандар Атырау облысының ақын-жазушыларының шығармашылығына арналған көрмеде жергілікті шығармашылық қауымның рухани әлеуетімен танысты.
Пленумды Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов кіріспе сөзбен ашты.
Алғашқы боп сөз алған Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын жеткізіп, жиналған қауымға жылы лебізін жолдады.
Мереке Құлкенов «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» атты баяндама жасап, еңбек адамының қоғамдағы орны мен әдебиеттегі көрінісіне тарихи шолу жасады. Өз сөзінде ол қазақ әдебиетіндегі жұмысшы мамандықтары тақырыбының өткені мен бүгініне баға беріп, қаламгерлер қауымы алдында тұрған келелі міндеттерге тоқталды. Жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағының жыл аясында атқарған қызметі туралы арнайы бейнеролик көрсетіліп, Одақтың елдің рухани өміріндегі соны бастамалары паш етілді.
Баяндамадан кейін дәулескер күйші Шәміл Әбілтаев орындаған «Ақмешіт» әні пленумның көркем лейтмотивіне айналып, жиынның мазмұнын тереңдете түсті.

Жарыссөз барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер сөз алып, жұмысшы мамандықтары мен еңбек адамы тақырыбында жазылған шығармаларға талдау жасап, заманауи әдебиеттің даму бағыттары туралы ой бөлісті. Сөз алғандар қатарында:
- Кәдірбек Сегізбаев – жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері;
• Молдахмет Қаназ – жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;
• Өтеген Оралбаев – ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
• Мәди Айымбетов – жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері;
• Қансейіт Әбдезұлы – филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
• Әлия Бөпежанова – әдеби сыншы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;
• Авут Масимов – жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Төрағасының кеңесшісі (ұйғыр әдебиетінің өкілі);
• Шахизада Әбдікәрімов – көрнекті
ақын (Қызылорда облысы);
• Бауыржан Ғұбайдуллин – жазушы, ҚЖО-ның Батыс Қазақстан облысындағы өкілі, Ұлттық құрылтай мүшесі;
• Бауыржан Құрманқұлов – ақын, ҚЖО-ның Ақтөбе облысындағы өкілі;
• Құдайберген Сұлтанбек – ақын, ҚЖО-ның Маңғыстау облысындағы өкілі;
• Қадыр Юсупов – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі;
• Төлеген Жаңабаев – Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі;
• Фархат Тамендаров – «Простор» әдеби журналының Бас редакторы.
• Иранбек Оразбаев — ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жарыссөз барысында көтерілген маңызды мәселелерге назар аударып, сөз сөйлеген ақын-жазушылардың ұсыныс-пікірлеріне қолдау білдірді.
Пленумға қатысушылар арнайы Қарар қабылдады (оның мәтіні жеке жарияланады).
«Жұмысшы мамандығы және Қазақстан Жазушылары» көшпелі пленумы – әдебиет пен өндіріс, рух пен еңбек, қаламгер мен оқырман арасындағы алтын көпір іспеттес маңызды шара болды.






