Қажығұмар Шабданұлының 100 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция өтті

Ғылыми жиынның негізгі мақсаты – Қажығұмар Шабданұлының шығармашылық мұрасын ұлттық әдеби үдеріс аясында кешенді түрде талдау, жазушы туындыларындағы тарихи шындықтың көркемдік шешімдерін, азаматтық ұстаным мен рухани еркіндік идеясының көрінісін қазіргі әдебиеттану талаптары тұрғысынан пайымдау болды.

Конференция «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында өтіп, жиынды М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Матыжанов жүргізді. Кіріспе сөзінде ол Қажығұмар Шабданұлы шығармаларының қазақ әдебиетіндегі орнына, жазушының күрделі тағдырлы өмір жолы мен көркемдік әлемінің ұлттық санадағы маңызына кеңінен тоқталды.

Ғылыми жиын аясында жазушының шығармаларының көптомдық жинағының тұсаукесері өтті. Бұл басылым қаламгер мұрасын жүйелі түрде ғылыми айналымға енгізу жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланды. Шараның алғашқы бөлімінде жазушының өмірі мен шығармашылық болмысына арналған мазмұнды құттықтау сөздер мен тағылымды естеліктер айтылды.

Конференцияның мазмұнды сәттерінің бірі – жазушының қызы Жайнар Қажығұмарқызының Институт қорына әкесінің қолжазбаларын ресми түрде тапсыруы болды. Осыған орай жазушы шығармалары негізінде арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, қаламгер мұрасының рухани және көркемдік құндылығы көпшілікке кеңінен таныстырылды.

Республикалық ғылыми-теориялық конференция Қажығұмар Шабданұлы мұрасын қазіргі әдебиеттану кеңістігінде жаңаша пайымдауға, ұлттық әдебиеттегі тарихи шындық пен көркем ойлаудың өзара байланысын терең зерделеуге жол ашқан мазмұнды әрі тағылымды ғылыми жиын ретінде қорытындыланды.

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Scroll to Top