ТҮРКСОЙ – Қазақстан Жазушылар одағының сенімді серіктесі

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов Алматыда Түркі мәдениеті халықаралық үйымы (ТҮРКСОЙ) бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті.
«Биыл жазда біздің делегация Анкарада ТҮРКСОЙ штаб-пәтерінде болған еді. Бұл кездесу сол сапардың жалғасы іспеттес» — деп сөзін бастаған Мереке Құлкенов ТҮРКСОЙ-дың түркі халықтарының рухани байланысын нығайтудағы ролінің ерекше екенін атап өтті.
Әңгіме барысында туысқан халықтардың әдеби ынтымақтастығын нығайту, түркі дүниесінің ақын-жазушыларын күллі әлемге таныту жобалары талқыланды.
«Түркі халықтары бір-бірінің әдебиетін біле бермейді, осы кемшілікті жоюда көптеген жұмыс атқаруымыз керек», — деген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы бірқатар нақты жобаларды ортаға салды. Соның ішінде түркі әлемі әдебиетінің бас сыйлығы — «Тұран» сыйлығын тағайындау жөнінде бастама көтерді.
Бұл ұсыныстар биыл қазан айында Ашхабадта өтетін түркі мемлекеттері жазушыларының бас қосуында талқыланып, нақты шешімдер қабылданатын болып ұйғарылды.
Өз кезегінде Сұлтан Раев ТҮРКСОЙ өз қызметінде Қазақстан Жазушылар одағымен мейлінше тығыз байланыста жұмыс жасап, ортақ жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін айтты.

Scroll to Top