
Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қайғылы оқиға орын алыпты: әлі үйленіп үлгермеген, көрер қызығы алда болатын жап- жас жігіт қаза тапты. Алты-жеті студент әлімжеттік жасап, біздің білуімізше, бірінші курстың балаларын ұрып-соққан сияқты.
Біздер де 90-жылдары сол университетте оқып шықтық. Заман, уақыт басқа болды ма, мұндайды естіп, білмеген екенбіз. Сол уақытта бірінші курс пен бесінші курс қара күзде кездесу өткізіп, араларында ұстаздар да бар, қызықты, естен кетпес кеш өткізетін. Ұстаздар ақыл-кеңесін беретін, жастар ән айтып, би билейтін. Бесінші курстағы аға-әпкелері әлі қалаға үйренбеген студенттерді қонаққа шақырып, дастарқан жайып, ақыл-кеңесін айтатын, білмегендерін үйрететін. Иә, солай болатын…
Енді жағдай мүлдем басқа сияқты. Бұл жағдай Қазақ ұлттық университетінде ғана емес, басқа жерлерде де орын алып келе жатқанын көзіміз көріп жүр. Жастардың арасында бірін-бірі пышақтап, тапаншамен оқ ататынын жиі естиміз.
Соның бәрі тәрбиенің жоқтығынан, яки тәрбиесіздік — күнәнің ең үлкені. Ата-анасынан тәрбие алмаған, ұстаздарынан үлгі алмаған жастар арамызда аз ба? Үлкендер ескерту жасаса, оны ғайбаттайтындар жоқ деп айта алмаймыз ғой.
Ғұлама Пифагордың: «Пенде! Өзге хайуанның өзіңе нендей нәрсені істемеуін қаламасаң, сен де оған сондай нәрсені істеме» дегенін адамдар есіне сақтай білмейтіні өкінішті.
Жаңабек ШАҒАТАЙ,
Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері
