Тарихпен тілдескен сәт: Экспедицияның Шымкенттегі рухани жалғасы

«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедицияның құрамы Шымқала тарихи-мәдени кешенін аралады. Экспедиция мүшелерін Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев қарсы алып, қонақтарды бастап жүрді. Кешеннің экскурсия жетекшісі Айдана Смайылова қала тарихының қойнауына терең бойлатып, археологиялық жәдігерлер мен тарихи артефактілер жайлы мазмұнды мағлұмат берді.

Одан кейін экспедиция мүшелері Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне аялдады. Мұнда олар ХХ ғасырдың қасіретті кезеңін айғақтайтын тың деректермен танысты. Музей қызметкері Дариға Дәли тарихи экспозиция залын таныстырып, қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын баяндап берді.

Кездесу соңында Зейнолла Сәніктің қызы, ғалым Жанат Зейноллақызы сөз алып, оңтүстік өңірде өтіп жатқан ұлттық құндылыққа бағытталған сапардың мәніне тоқталып, маңызын атап өтті. Ол сонымен қатар Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев пен Жасөспірімдер кітапханасының директоры Раушан Бабажановаға ерекше ризашылығын жеткізіп, әкесі Зейнолла Мүбаракұлымен бірге жазған «Қазақ этнографиясы» атты еңбегін сыйға тартты.

Бұл сапар — ұлт руханияты мен тарихи жадын жаңғыртуға бағытталған тағылымды бастаманың тағы бір жарқын көрінісі болды.

Scroll to Top