Осындай атаумен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы және әуезовтанушы Тұрсын Жұртбайдың 75 жас мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға орай кітапханада «Ұлт мұрасын ұлықтаған тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге ғалымның көркем шығармалары, романдар мен хикаяттар жинақтары («Құнанбай», «Жер-бесік», «Іздеу», «Күйініш») Алаш қозғалысы, Алаш зиялыларының тағдыры мен мұрасын зерттеуге арналған іргелі еңбектері («Ұраным – Алаш!», «Бейуақ», «Талқы» т.б.), Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық зертханасын зерделеген ғылыми еңбектері («Бесігіңді түзе!», «Күйесің, жүрек… сүйесің», «Дулыға», «Сүре сөз». т.б.) қойылды.




Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахметов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп, ҚР Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, белгілі қаламгер Әлібек Асқаров, ақын Оңайгүл Тұржан, ақын Сұраған Рахметұлы бастаған ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтауын ҚР Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы оқып беріп, қаламгердің иығына шапан жапты. Жиын соңында жазушы сөз алып, оқырман қауымға ақжарма тілегін жеткізді.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі
