


Бүгін «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік» республикалық ғылыми-танымдық экспедициясының мүшелері арнайы сапармен келді.
Экспедиция құрамында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» құрылтайшысы Қанат Зейноллаұлы, қоғам қайраткері, журналист Әміржан Қосан, тарих ғылымдарының докторы, белгілі этнограф Ахмет Тоқтабай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Серік Қалиев және басқа да мәдениет, ғылым, әдебиет саласының өкілдері болды.
Экспедиция мүшелері алдымен музей-қорықтың экспозицияларымен танысып, көне Сарайшық қаласының орнында болды. Ортағасырлық қазақ тарихының алтын парағы саналатын бұл мекенде қатысушылар этнографиялық зерттеулер тұрғысынан құнды мәліметтермен бөлісіп, Зейнолла Сәнік еңбектеріндегі ұлттық код пен мәдени мұра мәселесіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Сапар барысында қатысушылар жергілікті өлкенің тарихи ерекшелігіне тоқталып, қазақ этнографиясын зерттеу мен насихаттау бағытындағы алдағы жоспарларымен бөлісті.