


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн», – деп атап өткен болатын.
Президенттің осы сөзі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға зор жауапкершілік жүктейді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедиция жұмысы бастау алды.
Белгілі жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің мерейтойы аясында ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған арнайы экспедиция – ұлттық мәдениетіміздің діңгегі саналатын салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақ энографиясын дәріптеу, ұлт жадысын жаңғырту жолындағы маңызды қадам.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтің идеясымен басталған бұл ауқымды жоба барысында ұлттың этнографиясын жаңғырту, тарихи орындардың жағдайымен танысу, рухани құндылықтарды дәріптеу секілді маңызды істер атқарылмақ. Жергілікті өлкетанушы, этнографтармен кездесіп, олардың еңбектерін жинап, кітап шығару жоспарлануда.
Жас таланттарды қолдау мақсатында батыс өңіріндегі жоғары оқу орындарының талантты студенттеріне көрнекті ақын Есенғали Раушанов атындағы стипендия тағайындап, тапсыру да экспедиция барысында жүзеге аспақ.
Экспедиция жұмысына Жазушылар одағының мүшелері кеңінен тартылмақ.
Белгілі этнографтар, мәдениеттанушылар, қаламгерлер мен БАҚ өкілдерінен құралған экспедиция 30 наурыз күні Алматыдан Маңғыстау облысына сапарға шықты.
31 наурызда республикалық экспедиция Маңғыстау жеріндегі киелі орындар – Шопан ата мен Бекет ата кесенелеріне зиярат етуден басталды. Бұл – халқымыздың рухани тамырына бойлаған символдық әрі тағылымды қадам болды.
Экспедиция мүшелері Қазақстанның түкпір-түкпірінен кеп жатқан ағайынмен, осы қасиетті мекендердің тарихын зерттеп жүрген этнограф ғалымдармен кездесіп, мәнді де мазмұнды әңгіме-дүкен құрды.
Экспедиция жұмысы ертең Ақтау қаласында жалғасады.