
Экспедиция аясындағы алғашқы бағыт – Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі болды. Қасиетті Сыр елінің бай тарихынан сыр шертетін бұл музей – өлкенің мәдени мұрасы мен этнографиялық құндылықтарын ұлықтайтын іргелі мекеме. Экспедиция мүшелерін музейдің экскурсия бөлімінің меңгерушісі Эльзира Нағашыбайқызы қарсы алып, залдарды таныстырды. Қатысушылар алдымен табиғат залындағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне тоқталды. Бұдан кейін археология бөлімі мен XV-XX ғасырлар аралығындағы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған залдармен танысты. Әсіресе, этнография бөліміндегі ұлттық киімдер, тұрмыстық бұйымдар мен қолөнер үлгілері экспедиция мүшелерінің ерекше назарын аударды. Музейдегі әрбір жәдігер – қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен дүниетанымын бейнелейтін рухани мұра. Құнды экспонаттардың көптігі мен тарихи мазмұнның тереңдігі бұл мекеменің ұлттық сана қалыптастырудағы маңызын айқын көрсетті. Кездесу соңында экспедиция мүшелері музей ұжымына этнограф-ғалым, жазушы Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» атты құнды еңбегін ресми түрде тарту етті. Бұл кітап – қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары мен этнографиялық болмысын ғылыми тұрғыдан зерделеген бағалы еңбек ретінде музей қорына қосылған құнды сыйлық болды.