Қазақстан Жазушылар одағы мен Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры бірлесе отырып ұйымдастырып жатқан «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» республикалық экспедициясы еліміздің солтүстік өңіріне сапарын бастады. Экспедиция солтүстік өңірде 10-22 қыркүйек күндері аралығында өтетін болады.
Құрамында белгілі этнографтар, мәдениеттанушы ғалымдар мен қаламгерлер бар экспедиция мүшелері алдымен Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына табан тіреді.

Алғашқы қадамдарын олар тарихи өлкетану музейін аралаудан бастап, кейін Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде ұйымдастырылған «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» республикалық экспедиция мүшелерімен кездесу шарасына қатысты.
Кездесуге аталған университеттің басшылары, студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы, өлкетанушылар, этнографтар, жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Д. Айтбаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, тарих ғылымдарының кандидаты Аманбай Сейтқасымов, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облысындағы өкілі Ерболат Баят және бірқатар студенттер сөз сөйледі.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов өз сөзінде экспедиция мүшелеріне арналған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтың қатысушыларға, іс-шараға қатысушыларына сәлемін жеткізді. Сөз барысында Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі таңдағы ұстанымы, республикалық экспедицияның алға қойған мақсаты мен мұраты және этнограф-жазушы Зейнолла Сәніктің шығармашылық еңбегі жайлы халыққа жан-жақты түсіндіріп, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қоры» дайындаған деректі фильм көрсетілді.
Қазақстан Жазушылар одағының басрасөз қызметі
