
Орал қаласына «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік» атты республикалық ғылыми-танымдық экспедиция келді. Ұлттық рух пен тарихи мұраны дәріптеуді мақсат еткен бұл сапар – қазақ мәдениетіне деген шынайы құрметтің белгісі.
Экспедиция аясында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде мазмұнды жиын өтті. Басқосуда Зейнолла Сәнік еңбектерінің тағылымы, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мәселесі кеңінен сөз болды.
Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері – ақын Айтқали Нәріков пен Қазыбек Құттымұратұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев қатысып, өзекті ойларымен бөлісті.
Жазушылар Одағының бастамасымен, Зейнолла Сәнік қорының қолдауымен көрнекті ақын Есенғали Раушанов атындағы шәкіртақы БҚУ-дың филология факультетінің студенті Нұрдана Темірге табысталды.

Экспедиция мүшелері Қадыр Мырза Әлі атындағы Орал қалалық мәдениет және өнер орталығына арнайы барып, ақынның мемориалдық мұражайымен және орталықтың шығармашылық тынысымен танысты. Қонақтар рухани орта қызметіне жоғары баға беріп, орталықтың тілек кітапшасына естелік жазба қалдырды.
Ұлттық руханиятты насихаттауға бағытталған бұл игі шара – ел тарихы мен әдебиетіне, этнографиясына деген зор құрметтің жарқын көрінісі болды.