Ұлттық құндылықты ұлықтаған экспедиция Әулие ата өңірінде

Қазақстан Жазушылар одағы мен Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының бірлескен бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты Республикалық экспедицияның кезекті сапары көне Тараз төрінде жалғасты.

Ұлт руханиятына серпін беруді мақсат еткен экспедиция Жамбыл өңіріндегі тарихи һәм киелі мекендерді аралауды Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткішіне тағзым етуден бастады. Бұдан соң экспедиция мүшелері күллі қазақ үшін қасиетті саналатын Айша бибі кесенесіне ат басын тіреді.

Қонақтарды Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев және Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, Жазушылар одағының Жамбыл облысындағы өкілі Хамит Есаман арнайы күтіп алып, тарихи орындардың маңызы мен шежіресіне тоқталды.

Сауран Қалиевтің айтуынша, Айша бибі кесенесі – ХІ-Х ғасырларға тән сәулет өнерінің інжу-маржаны. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында табиғаттың тылсым күштерінен бүлініп, кейіннен Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен қайта жаңғыртылып, 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында толық реставрациядан өткен.

Экспедиция одан әрі Қарахан баба кесенесіне бет бұрып, киелі нысанның тарихымен танысты. Сауран Қалиев Қарахан бабаның Айша бибіге деген мәңгілік махаббаты туралы аңыз-әфсаналарды баяндап, оның ислам жолына бет бұрған ерекше тұлға екенін атап өтті. Қызылорда облысы мен Қостанай облысының қолдауымен бұл кесене жанынан «Қарахан аллеясы» ашылғанын да жеткізді.

Экспедиция мүшелері сондай-ақ ерте ислам дәуіріне тән көне мешіт пен керуен сарай кешенін, кейіннен Көне Тараз тарихи-этномәдени кешенін аралап, құнды жәдігерлермен, тарихи мұралармен танысты.

Сапар құрамында болғандар:
• Қалибекұлы Ғалым – экспедиция жетекшісі, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
• Сыдықов Ұлықпан – академик, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті жазушысы;
• Салықбаев Әбділдабек – жазушы, аудармашы, «Қазақ тарихы» журналының Бас редакторы;
• Сағындықұлы Әрмиябек – сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы «Шетелдегі қазақ әдебиеті» кеңесінің төрағасы;
• Қалиев Серік – ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Зейнолла Сәнік атындағы Мәдениет қорының атқарушы директоры;
• Зейноллақызы Жанат – жазушының қызы, PhD.

Бұл сапар – халқымыздың тарихи жадын жаңғыртуға, мәдени мұраның маңызын арттыруға бағытталған рухани экспедицияның маңызды кезеңдерінің бірі болды.

Scroll to Top