2025 жылдың 3 ақпанында, Алматы қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, аса көрнекті қаламгер Мұхтар Мағауиннің 85 жылдық мерейтойына арналған «Мұхтар Мағауин – Ұлы жазушы, ғұлама тарихшы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияны Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов кіріспе сөзбен ашып, Мұхтар Мағауиннің қазақ әдебиеті мен тарихындағы орны, оның ұлт руханиятына сіңірген зор еңбегі жайлы айтты. — Мұхтар Мағауин қазақ әдебиетінде терең із қалдырған ұлы суреткер ғана емес, өз халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қайраткер. Ол әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеді, әр еңбегінде ұлттық рухты ту етті. Оның шығармашылығында қазақ тарихының ең бір күрделі кезеңдері көркемдік шындықпен өрнектелді – деп шараның шымылдығын ашты. Сонымен қатар Мұхтар Мағауинның 25 томдық еңбегіне жеке-жек тоқталып, туындылардың ерекшеліктері мен мазмұнына шолу жасады.
Конференция барысында белгілі қаламгерлер мен ғалымдар Мұхтар Мағауиннің шығармашылығына терең талдау жасап, оның қазақ тарихын көркемдік шеберлікпен бейнелеудегі рөлін атап өтті. Баяндамашылар қатарында — ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Тұрысбек Сәукетаев «Мағауин айнасы», Филология ғылымдарының докторы Жаңғара Дәдебаев «Қазақ романының дамуына сіңірген еңбегі» тақырыптарында баяндама жасады.
Сонымен қатар М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, Филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы, жазушы Зейнеп Ахметова, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, қоғам қайраткері Асылы Осман және де Мұхтар Мағауиннің сыныптас досы Блок Шайкенов жылы лебіздерімен бөлісіп, ақ тілектерін арнады.Конференцияда ақындар Қорғанбек Аманжол мен Бақытбек Бәмішұлы арнау өлеңдерін оқып, белгілі әнші Нұргүл Әлқожа Қасымхан Бегмановтың сөзіне, Байғали Есенәлінің әніне жазылған «Ескі жұрт» толғауын орындады. Конференция барысында көрнекті күйші Шәміл Әбілтаев Кетбұғаның күйі «Ақсақ құлан» және өз күйі «Қубас» күйлерін орындады.
Конференцияда Алматы немесе Семей қаласында «Мұхтар Мағауин атындағы шығармашылық орталығын» ашу, ескерткіштер орнату, сонымен қатар оның әдеби мұрасын жаңғырту туралы бірқатар ұсыныстар айтылды. Шара барысында Мұхтар Мағауиннің өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы сюжеттер көрсетіліп, жазушының өз дауысы сақталған бейнематериалдар ұсынылды.
Конференция Мұхтар Мағауин мұрасының ұлттық руханияттағы маңызын тағы бір мәрте айқындап, оның шығармашылығы болашақ ұрпақ үшін құнды мұра болып қалатынындығын дәлелдеді.
Қазақстан Жазушылар одағының
Баспасөз қызметі

