
Алматыда қазақ-якут әдеби байланыстарын нығайту тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен қазақ-якут әдеби байланыстарын нығайту тақырыбында дөңгелек үстел өтті.Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, белгілі жазушы Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ жүргізді.
Дөңгелек үстелге Якутия (Саха Республикасы) Үкіметі төрағасының орынбасары Анатолий СЕМЕНОВ, Якутияның (Саха Республикасының) мәдениет және рухани даму министрі Афанасий НОЕВ, Якутия Жазушылар одағының төрағасы, ақын Гаврил АНДРОСОВ, Саха Республикасының халық жазушысы Николай ЛУГИНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, Ресей жазушылар одағының хатшысы Наталья ХАРЛАМПЬЕВА, ақын, Ресей жазушылар одағының мүшесі, «Алта» баспасының директоры Зинаида АРХИПОВА, жазушы, Ресей жазушылар одағының мүшесі, прозашы Данил МАКЕЕВ қатысты.Қазақстан тарапынан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, ақын Ұлықбек Есдәулет пен прзашы Әлібек Асқаров және ақын-жазушылар Жұмаш Кенебай, Мырзан Кенжебай, Нұрдәулет Ақыш, Сәуле Досжан, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Саят Қамшыгер, Алмат Исаділ, Еркін Нұразхан, әдебиетші ғалымдар Анарбай Бұлдыбаев, Серікқазы Қорабаев және т.б. қатысты.
– Сахалар – қазаққа жақын түркі тілдес халықтың бірі. Якутияның түркі әлемімен тамырлас екенін паш ететін әдеби шығармалар аз емес. Көркем аударма арқылы бір-бірімізді жақын танып, мәдени байланысымызды арттыру керек, әдеби-көркем кітаптар шығару қажет, бұлар – өте маңызды бастамалар. Былтыр Астанаға Саха (Якутия) Республикасының басшысы Айсен Николаев келіп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, соның барысында қазақ-якут мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту жөнінде шешімдер қабылданды. Биыл, міне Астана мен Алматыда Якутия күндері өтіп жатыр, – деп атап өтті өз сөзінде Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ.
Оның айтуынша, саха (якут) мен қазақ әдеби байланысының негізін қалаушылар – Якутия ақыны Серафим Кулачиков-Элляй мен қазақ ақыны Ілияс Жансүгіров, екеуі ХХ ғасырдың 20-жылдарының ортасында Мәскеу журналистика институтында бірге оқып, дос болған, Ілиястың шақыртуымен саха ақыны қазақ еліндде қонақта болған.Белгілі якут прозашысы Семен Яковлев-Эрилик Эристин 1934-1935 жылдары Қазақстанға шығармашылық іссапармен келіп, қазақ елі туралы кітап жазған.
1965 жылы якут жазушыларының делегациясы Қазақстанға алғаш рет келді. Якутияның халық ақыны Семен Данилов бастап келген. Осы сапардың нәтижесінде 1965 жылы якут жазушыларының үздік шығармалары қазақ тілінде жарық көріпті.
70-жылдардың басында Қалаубек Тұрсынқұлов бастап, қазақ жазушылары Якутияға барады. Содан бері Якутия жазушыларымен тығыз әдеби байланыс дамып келеді. 1972 жылы Жамбылдың өлеңдер жинағы якут тіліне аударылған. Сол жылы саха қаламгерлері Семен Даниловтың, Иван Федосеевтің, Софрон Даниловтың кітаптары қазақ тілінде басылып шыққан. Якут жазушыларының делегациясы Қазақстанға екінші рет 1980 жылы келеді. Сол жылы якут әдебиеті антологиясының екі томдығы қазақ тілінде жарық көріпті. 1988 жылы қазақ жазушылар Якутияға тағы ресми сапарлап барады.
Жаңа ғасырда да қазақ-якут әдеби байланысы жолға қойылған. 2022 жылы саха поэзиясының антологиясы қазақша жарық көрді. Якутия халық жазушысы Николай Лугиновтың «Шыңғыс ханның әмірі» тарихи романы 2022 жылы Астанада қазақ тілінде шықты. Якут жазушылары Савва Тарасов, Дмитрий Кириллин, Семен Руфов, Мұса Ефимов, Дора Васильева, Николай Лугинов, Николай Урсун, Наталья Харлампиева және Саха республикасының (Якутия) тұңғыш Президенті М.Е.Николаев халықтар достығын насихаттағаны үшін Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары атанған. Соңғы жылдары қазақ ақындары Ұлықбек Есдәулет, Саят Қамшыгер, Алмат Исаділ якут ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
– Бүгінгі дөңгелек үстел Якутия жән Қазақстан Жазушылар одағының бұрыннан келе жатқан достық байланысын көрсетті.