ЖАЗУШЫЛАР БЕРДІБЕК СОҚПАҚПАЕВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНДА

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов бастаған қаламгерлер делегациясы Алматы облысы Нарынқол ауданында өткен қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған шараларға қатысты.
Мерейтой бағдарламасы шеңберінде «Бердібек әлеміне саяхат» театралды қойылымы, «Болмысы бөлек Бердібек» конференциясы, «Ұлт әдебиетінің алыбы» атты республикалық ақындар айтысы, гала-концерт, спорттық ойындар, бәйге ұйымдастырылды.
Нарынқол ауылында Бердібек Соқпақбаевтың ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Рәсімге жазушылар делегациясымен қатар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Парламент депутаттары және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Мерейтойлық шарада сөз сөйлеген Мереке Құлкенов Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойының ЮНЕСКО аясында әлемде және еліміздің түкпір-түкпірінде аталып жатқанын еске салып, жазушының қазақ әдебиетіндегі бірегей рөлін атап өтіп, оның қиын тағдырының тағылымды кезеңдеріне тоқталды. Советтік жүйе тұсында үстемдік еткен социалистік реализмнің қасаң талаптарына бағынбаған қаламгердің шығармашылығының ерекшеліктерін атап өтті.
Өз сөзінде ол жазушының «Балалық шаққа саяхат» шығармасында суреттелген Алматы облысының көрікті жерлеріне балаларға арналған арнайы тағылымдық-туристік маршрут ұйымдастыру идеясын ұсынды.
Екі күнге созылған мерейтойлық шараларға қатысып, сөз сөйлеген ақын-жазушылар оқырмандарымен қауышып, қазіргі қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағын тағы да бағдарлап қайтты.

Scroll to Top