Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалы қайта құрылып, жаңа директор тағайындалды

Бүгін Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері және бірқатар қаламгерлердің қатысуымен маңызды кездесу өтті. Іс-шарада Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалы қайта құрылып, оның жаңа директоры болып белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлы тағайындалды.
Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов кездесу барысында ұйымның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасап, тың идеялар мен болашақ жоспарларды ортаға салды. Одан кейін оның орынбасары Ғалым Қалибекұлы Жазушылар одағының қазіргі жағдайы мен даму бағыттары жөнінде мәлімет берді.
Жиын барысында Мереке Құлкенов Солтүстік өңірдің хатшылығына Бауыржан Бабажанұлын таныстырды. Бұл қызметке тағайындауды Одақ Төрағасы өзі ұсынып, Басқарма Хатшылығы бекітетіндігін айтты.
Содан кейін Мереке Құлкенов Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлына Сенім хатын табыстап, Астана қаласындағы Жазушылар одағының бұрынғы өкілі Дәулеткерей Кәпұлына атқарған жұмыстарына алғыс білдіріп, жаңа қызметіне табыс тіледі.
Жиналыстан кейін Мереке Құлкенов «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Жамаубайұлымен кездесіп, Бауыржан Бабажанұлын жақыннан таныстырып өтті. «AMANAT» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы жақын арада меморандум жасауға уағдаласты.

Қазақстан Жазушылар одағының
Баспасөз қызметі

Scroll to Top