
2025 жылдың 8 мамыр күні ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған “ЖЕҢІС ЖЫРЛАРЫ” атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеш шымылдығы Мемлекеттік Әнұранмен ашылып, көрермен қауымға ерекше рух, асқақ серпін сыйлады.
Алғашқы сөз Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновке ұсынылып, ол Жеңіс рухы мен әдебиеттің байланысы жайлы тағылымды ой қозғады. Бұдан соң көрермендер назарына Жазушылар одағы әзірлеген соғыс даласында туған қаламгерлік мұралар, майдангер ақын-жазушылардың естелігі туралы арнайы бейнеролик көрсетілді.
Қаламымен жауға қарсы тұрған қазақ қаламгерлерінің тағдырын көзбен көріп, жанымен сезінген жандар — майдангер жазушылардың жақындары да естеліктерімен бөлісті. Олардың қатарында қазақтың қайталанбас қаһарманы, аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова және соғыс даласында қаламын қаруға айналдырған қазақтың көрнекті қаламгері, майдангер Қалмұқан Исабаевтың өмірлік жары Забира Исабай апайымыз болды. Олар майдан даласында болған қос қаламгердің өмірлік естеліктерінен, келешек ұрпаққа аманат қып қалдырған мол мұрасы жайында сөз қозғады.
Кештің музыкалық бөлімі «Соғыс ізі», «Кестелі орамал» атты әндермен ашылып, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дина Дүтмағамбетова және жас әнші Назерке Қабжанова тыңдарман жүрегінен орын алды.
Поэзиялық бөлімде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенттері соғыс уақытында жазған ақындардың жырларын орындады. Бұдан соң бүгінгі күннің көрнекті қаламгерлері: Қасымхан Бегманов, Бауыржан Жақып, Ерлан Жүніс, Назым Слямқызы, Аманғазы Кәріпжанов, Бүбішхан Тікебаева өз туындыларын оқып, жеңіс рухын поэзия тілімен өрнектеді.
Кеш аясында халық ақыны, жырау Нұрпейіс Байғаниннің «Жеңіс жырлары / Песни Победы» атты қос тілде жарық көрген жаңа жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталмыш туынды — батырлық пен асқақ рухтың шынайы үнін жеткізген, тарихи құндылығы жоғары туынды ретінде бағаланды. Кеш қорытындысында Алматы қаласы Түріксіб ауданы №203 жалпы білім беретін мектептің ұжымы «Бейбіт күн тілегі» атты патриоттық әнін хормен орындап, көпшіліктің көкейінде отансүйгіштік рухты асқақтатып, тыңдарман жүрегін тербетті.
Шара соңында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Василий Шупейкинға және көрнекті ақын Сағын-герей Байменовқа «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағын табыстады.
“ЖЕҢІС ЖЫРЛАРЫ” — өткенге тағзым, ерлікке құрмет, келешекке аманат болған тағылымды кеш ретінде әдеби қауым мен жұртшылық жадында ұзақ сақталары сөзсіз. Ұлт тарихын жырмен өрген бұл рухани кеш — соғыстың сұрапыл жылдарын ел жадында қалдырумен қатар, бейбіт күннің қадірін ұғындыру жолындағы маңызды қадам болды.