«Жұмекен жырлары – ғасыр үні» республикалық конференциясы өтті

Бүгін Атырау қаласында Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған «Жұмекен жырлары – ғасыр үні» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ақындар, әдебиеттанушылар мен сыншылар, жұмекентанушылар қатысты.

Конференцияны Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов ашып берді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын Шерхан Талапұлы жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденова және басқа да зиялы қауым өкілдері қазақтың классик ақыны Жұмекен Нәжімеденовтың шығармашылығы жөнінде сөз сөйлеп, оның кейінгіге қалдырған рухани мұрасының маңыздылығына кеңірек тоқталды.

Аталмыш конференция барысында бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Соның бірі – Атырау өңірінде «Жұмекен орталығын» ашу ұсынылды. Ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында жыл сайын «Жұмекен оқуларын» өткізу, оның мұрасын халықаралық деңгейде таныту бағытында арнайы жобалар мен байқаулар ұйымдастыру көзделді.

Конференция аясында ақын, жұмекентанушы Алмас Ахметбекұлының «Ұлт ұраны және Ұлы ақын» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Конференцияның басты мақсаты — ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ақынның мұрасын дәріптеу, жас ұрпаққа жеткізу.

Scroll to Top