Мұхтар Мағауин рухына арналып жеті күндік ас берілді

2025 жылдың 16 қаңтарында Алматы қаласындағы Қабылдау үйінде Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің классигі, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті тарихшы және қоғам қайраткері Мұхтар Мағауин рухына арналып жеті күндік ас берілді.
Белгілі әдебиеттанушы Мамай Ахетов жүргізген ас рәсімін алғы сөзбен Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ашып, Мұхтар Мағауиннің шығармашылығы мен өмір жолына тоқталып, оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесін ерекше толғаныспен атап өтті.
Белгілі композитор Шәміл Әбілтай жазушы рухына арнап күй орындап, әдебиет пен өнердің үйлесімді үндестігін паш етсе, әдебиет және қоғам қайраткерлері Мұхтар Мағауиннің өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісті. Сөз сөйлегендер қатарында Н.Оразалин, Б.Иманғазина, А.Бақтыгереева, Т.Сәукетаев, Ж.Дәдебаев, Ж.Қорғасбек, К.Матыжанов және Ә.Қосанов болды. Сондай-ақ, Абай облысынан арнайы келген өкілдер Ш.Байбеков пен М.Қарт Мұхтар Мағауиннің туған жеріндегі құрметі туралы естелік ойларымен бөлісті.
Шара барысында Мұхтар Мағауиннің ұлы Мағжан Мұхтарұлы сөз алып, Мағауиндер әулеті атынан астың өтуіне ұйытқы болған Қазақстан Жазушылар одағына, демеуші болған белгілі меценаттар Бекет Тұрғараев пен Медғат Құлжановқа және қатысушыларға алғыс білдірді.
Қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы Мұхтар Мағауиннің мұрасын ұлықтап, оның рухын ардақтауға арналған ас соңында жазушының рухына арналып «Qasym баспа үйі» басып шығарған 350 дана «Алтын Орда» кітабы көпшілікке таратылды.

Қазақстан Жазушылар одағының
Баспасөз қыметі

Scroll to Top