27 қаңтар күні Алматы қаласындағы Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында «ҚҰЛАГЕР» республикалық әдеби байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл шығармашылық дода Қазақстан Жазушылар одағы және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілді. Марапаттау рәсіміне елімізге белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Салтанатты шараның шымылдығын Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов ашып, байқау еліміздің рухани өміріндегі айтулы шаралардың бірі екендігіне тоқталып, жеңімпаздарға ақжарма тілегін жолдады. Өз сөзінде ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлттық әдебиетке деген ерекше ықыласын және бұл салаға көрсетіп отырған қолдауын атап өтті. Жазушылар одағының төрағасы байқауға 205 шығарма келіп түскенін, соның ішінде 7 номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, құрамында белгілі қаламгерлер бар әділ қазылар алқасының сараптауынан өткенін хабарлады. Сонымен қатар, ол Исламбек Салжановқа өз алғысын білдірді.
Жиында Ұлттық Спорт қауымдастығының президенті, белгілі кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов ұлттық спорт пен ұлттық тәрбие саласында жазушылардың қосып жатқан үлесі мен еңбегіне тоқталып, Қазақстан Жазушылар одағының ағымда атқарып жатқан қызметіне жоғары баға берді.
«ҚҰЛАГЕР» байқауының басты мақсаты – халқымыздың ұлттық мұрасының ажырамас бөлігі саналатын ұлттық спортты насихаттау, жазушылар қауымына қолдау көрсету және ұлттық спорт тақырыбында жаңа туындылардың дүниеге келуіне ықпал ету.
Қазылар алқасы үздік деп таныған белгілі ақын-жазушылар 7 түрлі номинация бойынша марапатталды. Олар:
- Проза – Тұрысбек Сәукетаев, «Ай қанатты арғымақ» (хикаят);
- Драма – Жолтай Алмашұлы Алмашев, «Күш атасы» (пьеса);
- Поэзия – Алмас Ахметбекұлы Сақбаев, «От шығармас ойын» (дастан);
- Фантастика/мифология – Пернебай Дүйсенбин, «Ақбоз, көкжал, Жансая апа және төрт ноян» (мифофантастикалық хикаят);
- Деректі проза – Мұхтар Анарбек, «Дүлдүлдің дүбірі» (повесть);
- Балалар әдебиеті – Аут Даутович Масимов, «Айқасқа» (хикаят);
- Комикс – Сәлімғали Қасымханұлы Мырзашев, «Көксерек» (М. Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі желісімен салынған).
Әр жеңімпазға 2 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы, арнайы диплом және «ҚҰЛАГЕР» байқауының мүсіншесі табысталды.
Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы алдағы уақытта да қаламгерлердің шабытына шабыт қосатын ортақ шараларды бірлесе атқара бермек. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және әдебиетімізді жаңа туындылармен байытуға бағытталған бұл байқау қазақ руханиятындағы маңызды бастамалардың бірі ретінде тарихта қалары сөзсіз.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі
