
Қазақстан Жазушылар одағы қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Темірхан Медетбектің дүниеден озуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына, барша қаламгер қауымға және бүкіл қазақ халқына қайғыра көңіл айтады.
Темірхан Медетбек — қазақ поэзиясының ірі тұлғаларының бірі, сөз құдіреті арқылы елдің рухын асқақтатқан, тұтас бір дәуірдің үнін жеткізе білген дара дарын иесі еді. Оның шығармаларынан елінің ар-намысы мен асқақ рухы, тарих пен тағдыр, ұлттық болмыс пен қайталанбас көркемдік терең көрініс тапты.
Ол тек ақын ғана емес, өткір ойлы сыншы, публицист, тәуелсіздік дәуіріндегі әдеби ой-пікірдің алдыңғы шебінде жүрген үлкен парасат иесі болды.
Темірхан Медетбектің ұлт әдебиеті мен мәдениетіне қосқан зор үлесі, оның шынайы шығармашылығы мен азаматтық болмысы – қазақ руханиятының алтын қорында мәңгі сақталады.
Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болғай.