Қазақстан Жазушылар одағының Атырау қаласына жасаған сапары аясындағы келесі маңызды шара – еңбек және мәдениет жанашыры, танымал мемлекет және қоғам қайраткері Төкен Танаұлы Жұмағұловтың жеке мұражайына тағылымды сапар болды.

Қонақтарды мұражай ішіндегі құнды жәдігерлермен Төкен Танаұлының өзі таныстырды. Зияткерлік һәм рухани қазыналарға бай бұл ордаға Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтің ілтипаты ретінде мұражай қорына көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбаевтің 20 томдық шығармалар жинағы және Жазушылар одағының 90 жылдығына орай шығарылған естелік туындылар табысталды.
Сапар барысында ақын-жазушылар Атырау қаласындағы бірқатар тарихи және мәдени ескерткіштерге тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды. Алдымен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы Әбу Сәрсенбаевтың ескерткішіне, одан кейін Жайық жағалауындағы аса дарынды ақын Хамит Ерғалиевтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Сондай-ақ, Исатай мен Махамбет батырлардың ескерткіші, қазақтың аяулы қызы, өр рухты ақын Фариза Оңғарсынованың мүсіні мен ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторы, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткіші де назардан тыс қалмады.
Бұл – зиялы қауым өкілдерінің ел тарихында өшпес із қалдырған ұлт тұлғаларына деген тағзымының, құрметінің айқын көрінісі болды.
