
Қадірлі ағайындар!
Атырау өлкесінің қалың оқырмандары!
Қазақстан Жазушылар одағының «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» деп аталатын көшпелі пленумына қатысушы қаламгерлер!
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл – мемлекеттің Еңбек адамына деген зор құрметінің айқын көрінісі. Бұл – қарапайым жұмысшының, Еңбек адамының қоғамдағы орнын биіктетіп, оның абыройын қайта асқақтату, көркем образын жасау жолындағы тарихи қадам.
Президентіміз бұл бастама арқылы ел дамуының басты тірегі — еңбек майданының нағыз қаһармандарын қайта тануға, олардың жарқын бейнесіне тағзым етуге шақырып отыр. Ендеше, қазақ әдебиеті бұл заман мен қоғам талабынан туындап отырған орынды ұсынысқа өз тарапыпан үлес қосуға тиіс деп санаймын.
«Қазақ жұмысшы табы қай өңірде қалыптасты?» деген заңды сұраққа, әрине, «Атырау аймағында қалыптасқан» деп батыл жауап бере аламыз. Себебі, патшалық Ресей XVII ғасырдың аяғы — XVIII ғасырдың басында Қазақстанның маң даласына аш көзін қадай бастады. Өз империясының шығыс шекараларын нығайту, оңтүстіктегі елдерге апарар жаңа сауда жолдарын іздеу мақсатында жылма-жыл қазақ даласына «саудагер» деген лақап атпен әскери топографтары мен жер қойнауын зерттеушілер топтарын жіберіп тұрды. Бір ғажабы, біздің ата-бабамыз жарғақ құлақшындары жалпылдап, мал соңында жүргенде алғашқы мұнай көзі жөніндегі мәліметтер 1717 жылы I Петрдің жарлығымен Жем өзенінің төменгі ағысы арқылы Хиуаға әскери-топографиялық экспедициясын ұйымдастырған Бекович-Черкасскийдің жазбаларынан, одан іле-шала географ Северцевтің 1860 жылы жарияланған есебінен табылған.
Біз мұны неге айтып отырмыз?
Осы кең байтақ Қазақстанның жер қыртысын зерттеушілерге жергілікті қазақтар қызмет істеген. Біздің «жұмысшы табының негізі Атырау өңірінде қалыптасты» деген пікіріміз осыдан туындайды.
XIX ғасырдың аяғы — XX ғасырдың басында Ресейдің, Британияның мұнай өндірушілері Лемандар, Астаховтар, Нобельдер қазақ жеріне алғашқы бұрғыларын қадап, Қарашұңғылдан, Доссор мен Мақаттан тұңғыш мұнай фонтандарын атқылатты.
Сол кезде осы мұнай компанияларының негізгі жұмыс күші қазақтың жарлы-жақыбайлары болатын.
Біздің халқымыз XVIII-XIX ғасырлары мұнай іздеп келген алпауыттардан зорлық-зомбылықтың неше түрін көрді. Кейін патша өкіметі құлап, Совет өкіметі орнаған кезде Лениннің өзі 1918-20 жылдары қазақ мұнайын өндіру және оны пайдалану жөнінде тарихи декреттерге қол қойды.
Бұл-дағы біздің алғашқы жұмысшыларымыздың тағдыры болатын.
Қазақ елін 1930-жылдары жайлаған ашаршылық кезінде де, халықты жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқан 1937-1938 жылдары да қазақ еңбеккерлері мұнай өндіріп, Совет өкіметіне түйемен «қара алтын» жөнелтіп жатты.
Ал 1935 жылы Ембі мұнайын өндіру жөнінде сол кездегі Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында КСРО Ғылым Академиясы ұйымдастырған үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сол алқалы жиынның нәтижесі ретінде дүниеге «Большая Эмба» («Үлкен Ембі») атты көлемі 921 беттік кітап келді.
Қазақ баласының жүрегін сыздататын осы кітапта біздің жер асты байлықтарымызды, соның ішінде, мұнай, газымызды қалай игерудің жан-жақты жолдары мен тәсілдері белгілі ғалымдардың аузымен баяндалды.
Ал 1949 жылы қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтпаев Гурьевке қайта келіп, қазақ мұнайының және оның еңбек етіп жатқан мұнайшылардың жағдайын жақсарту туралы әңгіме қозғады.
Бұл қазақ мұнайшыларының тағдыры сөз етілген үлкен жиын болды. Сонымен қатар, ол басқосуда басқа мамнадықтар да (балықшы, малшы) туралы әңгіме қозғалды. Себебі, қазақ халқының социализм құрылысы кезінде өзінше қалыптасуының алғышарттары жасалып жатыр еді. Идеологиялық тұрғыдан алғанда, коммунистік жүйе кезінде әдебиетте социалистік реализм әдісі үстемдік етті. Ол өзі жартыкеш реализм болды, өйткені шындық жартылай жеткізілетін. Бірақ, талантты да тегеурінді қаламгерлер ретін тауып, астарлап болса да, айтатынын айтып жатты.
Айталық, Ғабиден Мұстафиннің «Миллионері», Зейін Шашкиннің «Теміртау», Ғабдол Слановтың «Жанартауы», Зейнолла Қабдоловтың «Ұшқын» мен «Жалын» романдары, жұмысшы, еңбек адамы тақырыбындағы сол социалистік реализмге негізделген совет әдебиетінің алғашқы қарлығаштары болатын.

Содан соң советтік әдебиетте өндірістік роман жанры пайда болды. Ол жанр адам еңбегінің басқа да салаларын, мәселен, ауыл шаруашылығын, қамтыды.
Осы тұрғыдан да талай-талай жаңа, сол заманның талаптарына сай жазылса да, өмір шындығын паш етуге талпынған шығармалар жазылды. Еңбек адамын, оның өмір жолы мен өндірістік жетістіктерін насихаттайтын тұтас бір жазушылар тобы қалыптасты.
Алайда, қазақ деген халықтың, соның ішінде, әр салада еңбек еткен, заманның зорлық-зомбылығы мен қорлығын көрген қарапайым еңбеккерлердің шынайы, қарама-қайшылықтарға толы образдары жасалмады. Бізді өкіндіретін де осы.
Тәуелсіздігіміздің отыз жылының ішінде қаншама компаниялар, соның ішінде, бірлескен кәсіпорындар пайда болды.
«Қазақтүрікмұнай», «ТеңізШевройл» компанияларында қазақтың талайлы тағдыры жатыр. Ұлдарының басынан кешкен қиындықтар, қыздарының кім болса соның шылауында кеткен ауыр да қайғылы жағдайын осы жақта өмір сүретін кез келген қазақ біледі. Бірақ, өкінішке орай, дәл осы тақырыпқа арналған бір де бір көркем шығарма жоқ.
Бүгінгі қазақ жазушыларының міндеті осы опырайып тұрған олқылықтың орнын толтыру, қазақтың қарапайым еңбеккерінің әлемдік деңгейдегі көркем бейнесін жасау.
Біз бүгін Атыраудағы көшпелі пленумымызда осы өзекті мәселені жан-жақты талқылап, ойға ой қосып, нақты ұсыныстар негізінде әдеби шығармалар арқылы жұмысшы мамандықтарының абырой-беделін арттырудың «жол картасын» әзірлеуді кірісуіміз керек.
Президентіміз Касым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы жұмысшы мамандықтарға қатысты ойларында мемлекет басшысының қалыптасқан ахуалға көңілі толмайтыны мен жазушылар қауымына айтар жасырын назы жатқан сияқты.
Шынында да, соңғы кезде әртүрлі жанрлар мен тақырыптар дамып жатса да, қарапайым еңбек адамының талғамы биік оқырманның көңілін шығатындай көркем бейнесін жасай алмай келе жатқанымызды қалай жасырамыз?
Құдайға шүкір, қазақ әдебиетінде аса талантты, жазушылар мен ақындардың тегеурінді тобы калыптасып келеді. Олардың міндеті — мың өліп, мың тірілген қазақ деген халықтың тағдырын, ер жүрек мінез-құлқын суреттейтін, кезінде бүкіл әлемды мойындатқан Әуезовтің «Абай жолындай» кесек туындыларды дүниеге әкелу.
Тәуелсіз Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар, қазақ жер асты байлығын игеріп жатқан шетел компаниялары көптеп еңбек етуде. Алайда, солардың бір де біреуі қазақ әдебиетіне олжа салатын талантты қаламгерлерге меценаттық көмек көрсеткен емес. Бұл болса, шетелдің белгілі компанияларымен бірлескен кәсіпорындар құрған кезде қазақ мәдениеті мен әдебиетін ешкім еске алып, ескермейтіннің айқын дәлелі. Әйтпесе, басқасын айтпағанда қырық жыл қазақ мұнайын үздіксіз игеріп жатқан «ТеңізШевройл» компаниясы дәл осы күнге дейін өзінің тарихи көркем шежіресін жасайтын бір кітапқа демеуші бола алмағанын немесе тиісті тапсырыс беріп, жазушыларға мүмкіндік жасамағанын қалай түсінеміз?
Бұл қазақ руханиятындағы әлі шешімін таппаған талай өзекті мәселелерді бірігіп талқылайтын уақыттың жеткендігін дәлелдейді.
Осы көшпелі пленумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп отырған жазушылар еңбек адамы, жұмысшы мамандықтары туралы тақырыпты қалай зерттеп, қалай жазуды жан-жақты талқылап, тиісті шешімдер қабылдайды деп сенемін.
Ерен еңбегімен ірі компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің табысын еселеп жатқан жұмысшы қауымы туралы көркем шығармалар жазатын талантты авторларға жан-жақты жағдай жасау сол бизнес құрылымдарының қасиетті борышына айналуы керек деп санаймын.
Осы пленумымыздың соңында Атырауда өмір сүріп, еңбек етіп жатқан бірнеше өндіріс басшылары мен кәсіпкерлердің қатысуымен Қазақстан жазушыларының тұңғыш шығармашылық аукционын өткізгелі отырмыз. Алла қолдап, осы игі ісіміз нәтижелі болғай!
