22 мамыр, ҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақ газеттері» ЖШС құрамындағы Республикалық «Ана тілі» ұлт басылымының 35 жылдық мерейтойына арналған «Егемендік пен елдіктің еңселі мінбері» атты мазмұнды іс-шара өтті.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған тағылымды басқосуға Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов арнайы қатысып, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосып келе жатқан басылым ұжымын мерейлі мерекемен құттықтады. 1997–2006 жылдар аралығында «Ана тілі» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған Мереке Құлкенов басылым ұжымының алдағы шығармашылық жұмыстарына табыс тіледі. Төраға Қазақстан Жазушылар одағы атынан құттықтау хатты оқып, шығармашылық ұйымның ілтипаты ретінде естелік сый-сияпат табыстады.

– «Ана тілі» – қазақ руханиятының алтын діңгегі. Биыл бұл басылымның жарық көргеніне 35 жыл толып отыр. 1990 жылдың 22 наурызында тұңғыш саны жарық көрген күннен бастап, газет ұлттың үніне, тіл мен ділдің тірегіне айналды. Қалыптасу кезеңінде мен де осы басылымның бас редакторы ретінде ұлттық мүдденің сөзін сөйлеп, тіл саясатының өзекті мәселелерін көтеруге атсалыстым. Бұл — бүкіл бір дәуірдің рухани шежіресі. «Ана тілі» – қазақ тілінің абыройын асқақтатқан, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған басылым. Бүгінде де өз миссиясынан айнымай, елдік мұрат жолында еңбек етіп келеді, – деді Мереке Құлкенов.
Мерекелік іс-шара аясында «Егемендік пен елдіктің еңселі мінбері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, ұлт басылымының тарихи жолы мен қоғамдық ықпалы жан-жақты сараланды. Сонымен қатар, «Ana tili: Алтын қор» кітабының тұсаукесері өтті, газет тарихынан сыр шертетін фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, «Нұрлы жұлдыз – бабам тілі» атты поэзия байқауы мен «Менің өмірімдегі «Ana tili» атты эссе байқауларының жеңімпаздары анықталып, марапатталды.

Бұл шара – егемендік жылдарында ұлттық рух пен мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан «Ана тілі» газетінің абыройлы жолына деген құрметтің көрінісі болды.
