2025 жылдың 30 мамырында белгілі журналист, публицист, қоғам қайраткері Әшірбек Амангелдінің есімін есте қалдыру мақсатында Алматы қаласы Қазақфильм ықшам ауданындағы өзі тұрған 32-үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылып, оның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Игі шараны Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе ұйымдастырды.
Салтанатты жиында алғашқы сөзді Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов алып, қаламы қарымды, азаматтық үні айқын тұлғаның қазақ журналистикасындағы орны мен мұрасын атап өтті:
— Әшірбек өзінің өр мінезімен, дара талантымен, тамаша қолтаңбасымен есімізде қалған тұлға. Ол өз қызмет тұсында қазақтың қабырғалы қаламгерлерімен қатар еңбек етті. Қазақ балаларын білім мен тәрбиеге жетелеген басылымның жан дүниесіне жауап берген де осы Әшірбек болатын. Оның тыңғылықты зерттеуі, терең танымы, озық ойы – нағыз заңғар журналистің белгісі. Ол ешкімге ұқсамайтын дара болмыс иесі еді, – деді Мереке Құлкенов.
Іс-шарада Алматы қаласы Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Әбиірұлы Қалымбет сөз сөйлеп, қаламгердің қазақ руханиятына қосқан үлесін атап өтті.
Шараны педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауынбай Амантұрлыұлы жүргізді.
Тағылымды жиынға жазушы, публицист, ғалым Бейбіт Қойшыбаев, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Қуандық Түменбаев, сондай-ақ жазушы-журналист, баспасөз майталманы Қали Сәрсенбай қатысып, Әшірбек Амангелді жайлы естеліктерімен бөлісті. Олар қаламгердің кәсіби биігі мен азаматтық парасатын айрықша атап өтіп, ұлт руханиятындағы орнын айқындайтын салиқалы ойларымен бөлісті.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен Әшірбек Амангелдінің туған-туыстары, шәкірттері мен әріптестері қатысып, оның шығармашылық жолы мен адами болмысына тағзым етті.
