
Бүгін Қазақстан Жазушылар одағында маңызды жиын – хатшылықтың кеңейтілген жиналысы болып өтті. Алқалы отырысқа Жазушылар одағы хатшылығының құрамы қатысты.
Жиналысты Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов ашып, күн тәртібіндегі өзекті екі мәселеге тоқталды. Алғашқы мәселе – Балалар жазушыларына арналған арнайы Қаулы жобасы.
– Біз бүгінгі таңда балалар әдебиетінің дамуына нақты қолдау көрсету үшін жаңа қаулы қабылдағалы отырмыз. Әсіресе мектеп оқушылары арасында көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыру, балалар жазушыларының шығармашылығын жүйелі түрде қолдау – уақыт талабы, – деді Мереке Құлкенов.
Қаулыда қазіргі таңдағы балалар мен жасөспірімдердің көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру, кітап оқуға баулу – ұлттық тәрбиенің, рухани жаңғырудың және шығармашыл ұрпақ қалыптастырудың негізгі басымдықтарының бірі екендігі айтылды. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдауға және отандық балалар әдебиетін дамытуға қатысты тапсырмалары ерекше маңызға ие екендігі белгілі. Осыны ескере отырып, Қазақстан Жазушылар одағы мен «Өркен» қоғамдық қорының бастамасымен 2025 жылы Алматы қаласында «Алматының жас жазушысы – 25» байқауы ұйымдастырылды. Бұл шығармашылық бәйгеге көптеген балалар мен жасөспірімдер белсене қатысып, олардың туындылары арнайы марапатталып, шабытқа толы игі дәстүрдің негізі қаланды.
Аталған тәжірибе балалар мен жасөспірімдердің әдебиетке деген шынайы қызығушылығының бар екенін көрсетті. Байқау республикалық деңгейде өтеді
Қазақстан Жазушылар одағы балалар әдебиетін дамыту барысында төмендегі мәселелерді қарастырып отыр:
- Ересек қаламгерлерді балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби шығармалар жазуға ынталандыру;
- Жазушылар одағына жас қаламгерлер легін тарту және оларды кәсіби түрде бағыттау;
- Балалар әдебиетін арқау еткен туындыларды республикалық және халықаралық деңгейде насихаттауға жол ашу;
- Балалар әдебиеті саласында ерекше еңбегі бар қаламгерлерді мемлекеттік марапаттарға ұсыну;
Қазақстан Жазушылар одағының барлық өңірлік өкілдіктері балалар әдебиетін дамыту жұмысына белсенді қатысуы тиіс. Осы бағытта төмендегідей нақты шаралар жүзеге асырылады:
1. Ақпараттандыру жұмысы:
Жазушылар одағының аймақтық өкілдері облыстық мәдениет және білім басқармаларымен, орталықтандырылған кітапхана жүйесімен (ОКЖ) бірлесе отырып, байқау туралы балалар мен жасөспірімдер арасында кең көлемді ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
2. БАҚ арқылы насихат:
Байқау жайлы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдары (телеарна, радио, газет, интернет) арқылы кеңінен насихаттау.
3. Марапаттау рәсімі:
Байқау жеңімпаздары облыс әкімдіктерімен келісім негізінде лайықты түрде марапатталады.
4. Қазылар алқасы:
Қазылар құрамына танымал жазушылар мен беделді қоғам қайраткерлері енгізілуі тиіс.
Аталған Қаулы жобасын Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай оқып таныстырды. Қаулы мазмұны мен негізгі ережелері толықтай «Қазақ әдебиеті» газетінің алдағы санында жарияланатын болады. Жиынға қатысқан хатшылық мүшелері ұсынылған жобаға бірауыздан қолдау білдіріп, Қаулыны қабылдады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауының ережелері болды. Бұл жайында Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы кеңінен мәлімдеп, байқаудың шарттары, өткізілу мерзімі мен жүлде қоры жайлы толық ақпарат ұсынды. Бұл ұсыныс та хатшылық тарапынан бірауыздан мақұлданып, қабылданды.
Жиын соңында Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай Абай облысында өтетін онкүндік мерейтойлық шараға байланысты да сөз қозғалды. Атаулы мерекеге орай Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан арнайы делегация жасақталып, Алматыдан Абай еліне аттанатын қаламгерлердің тізімі әзірленіп жатқаны айтылды.
