Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығына орай Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен Қапшағай көлінің жағасында «Махаббат портында жүздескенше» атты поэтикалық кеш өтті.

Әдеби кештің шымылдығын ҚР Мәдениет саласының үздігі, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева ашып беріп, Тұманбай ақынның шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі орны мен ұрпаққа қалдырған мол мұрасы жайында ой өрбітті.
Кештің көрігін Ұлықбек Есдәулет, Мұрат Шаймаран бастаған ақындар қыздырып, Қуат Қайранбаев, Бағдат Мүбәрак, Жангелді Немеребай, Айгүл Жұмаділ, Ақгүл Айдарбекова, Мұхтар Күмісбек, Мөлдір Айтбай сынды ақындар жалғастырды. Олар көл жағалауында лирикалық жырларын оқып, тыңдарманды поэзия әлемімен қауыштырды.
Айта кетейік, кештің мақсаты –ақын мұрасын дәріптеу арқылы жас ұрпақтың жүрегіне поэзияға деген сүйіспеншілікті ұялату.
