

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі:
МӘДЕНИЕТ — НЕГІЗГІ ІРГЕТАСЫ
Ұлттық құрылтайдың кешегі өткен бесінші отырысы ел болашағы туралы салмақты әрі жауапты әңгімелермен есте қалары анық. Бұл қатардағы көп басқосудың бірі емес, бүгінгі қоғам үшін айрықша маңызға ие құндылықтар мен әр түрлі саладағы нәтижеге жеткізетін бағдарларды терең пайымдауға, талқылауға арналған алаң болды. Өйткені отырыстың күн тәртібінде мәдениет, тіл, тарихи жады және жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелері тұрды. Шығармашылық зиялы қауым өкілі ретінде мен үшін ұлттың рухани және зияткерлік капиталының рөлі мұндай жоғары деңгейде айтылуы аса маңызды.
Құрылтайда әлеуметтік-экономикалық міндеттер туралы ғана емес, реформалардың ішкі мазмұны қандай болуы керектігі жөнінде де сөз қозғалды. Бұл тұрғыда мәдениет қосалқы сала емес, керісінше, негізгі іргетас ретінде қарастырылды. Осы тұрғыдан қарағанда, 1960 жылдардың басынан бері қазақ мәдениетін әлемге танытып келе жатқан, жалпыадамзаттық ауқымдағы тұлға саналатын Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығын алдағы уақытта кең көлемде атап өту – символдық мәнге ие. Оның мерейтойы — тек салтанатты шаралар үшін ғана емес, әдебиеттің қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөлін терең түсінуге мүмкіндік беретін маңызды себеп.
Реформалар туралы айтқанда, шығармашылық зиялы қауымның да осы реформалардың жүзеге асуына белсенді қатысуы керектігін айтқым келеді. Бұл – формалды қатысу емес, білім беру саласында, мәдени саясатта, жастармен жұмыс істеуде нақты, мазмұнды үлес қосу деген сөз. Осы себептен де республиканың барлық 17 облысында және республикалық маңызы бар үш қалада «Абайтану орталықтарын» ашу идеясы өзекті болып отыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұсынған балалар кітапханаларын дамыту жобасын да айрықша маңызды деп санаймын. Ұлттық құндылықтар негізінде баланы кітапсыз тәрбиелеу мүмкін емес. Әдебиетке қолжетімділікті қамтамасыз ету ғана емес, оқуға деген тұрақты қызығушылықты қалыптастыру да аса маңызды. Жалпы алғанда, бүгін сөз болып отырған реформалар тек әкімшілік шешімдерді ғана емес, руханият өкілдерінің белсенді қатысуын да талап етеді. Осы тұста жазушылардың, ақындардың, ғалымдардың және мәдениет қайраткерлерінің үні анық естілуі тиіс.

Жанарбек Әшімжан,
ақын,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі
«Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясы – өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпір
Екі күн бойы Сыр елінде туы көтерілген келелі кеңесте байтақ Отанның бүгіні мен ертеңі хақында аталы сөз айтылып, тағдыршешті шешімдер қабылданды, өміршең реформалар талқыланды.
Мемлекет басшысы өз баяндамасында Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне сай стратегиялық бағыттарды, терең реформаларды және қоғамды алға бастайтын басты құндылықтарды айқындап өтті.
Құрылтайдың тарих пен тағдыр тоғысқан өлкеде, Сыр бойында өтуі — кездейсоқ шешім емес.
«Сыр — Алаштың анасы» деген сөздің астарында ұлт тарихының тұтас бір кезеңі жатыр.
Шірік-Рабаттан бастап Сығанаққа дейінгі көне қалалар қазақ жерінде өркениет болғанын дәлелдейді. Бір ғасыр бұрын ел астанасы болған Қызылорда – мемлекеттілік идеясының, ұлттық жаңғырудың символы.
Президент осы тарихи сабақтастыққа айрықша тоқталды.
Мәдениет пен өнер — мемлекеттің рухани тірегі. Театрлар мен музейлердің салынуы, тарихи мұраны ЮНЕСКО тізіміне енгізу, Абай, Әл-Фараби, Ясауи ілімдерін жүйелі дәріптеу — ұлттық болмысты сақтаудың маңызды тетіктері. «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясы – өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпір. Цифрлық дәуірде ұлттық жадыны сақтау — идеологиялық дербестіктің басты шарты.
Президент баяндамасында заң үстемдігі мәселесіне ерекше мән берілді. Қыз алып қашу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, немқұрайлылық пен жауапсыздық – мұның бәріне қоғам болып тосқауыл қою қажет. Заң бәріне ортақ, ал тәртіп — өркениетті елдің басты белгісі.
Ұлттық құрылтай жиынында айтылған әрбір ой мен ұсынылған әрбір реформа Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстанды құру жолындағы нақты қадам екеніне тоқталған Мемлекет басшысы аталған құрылымның жұмысына ризашылық білдірді. Ұлттық Құрылтай жиынынан біз бірлігіміз бекем, мақсатымыз айқын болса, алынбайтын асу жоқ деген сеніммен тарқастық.

Серік ЖетпісҚалиев,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Ұсыныстарды саралап, міндеттерді жүзеге асыруға жұмылуымыз керек
Ұлттық Құрылтай билік пен халық арасындағы қолайлы байланыс орнатқан тиімді, құтты алаң болып қалыптасты. Өзінің атауы да, мақсаты да сол еді ғой. Осыған дейін өткен 4 жиында көлеңкеде қалып қойған қаншама мәселелер ашық айтылып, олар бойынша қаншама тапсырмалар беріліп, жұмыстар жасалып жатқанының куәсіміз.
Міне, биыл Ұлттық Құрылтай тарихы терең, сыры көп Сыр өңірінде, ырысты-күрішті Қызылорда қаласында өтті. Ел жанашырлары – аузы дуалы ақсақалдар, ақын-жазушылар, атақты ғалымдар, қоғам қайраткерлері барып, Президент алдында пікірлерін ортаға салып жатқанын көріп, қуанып жатырмыз.
Өмір тез дамып, тез өзгеріп жатқан заманда мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың – бәрінің ықшам, қолайлы болғаны абзал. Цифрландыру, сандық форма, жасанды интеллекті пайдалануды тез жетілдірудің маңызы зор. Көштен қалуға болмайды.
Сондықтан биылғы Ұлттық құрылтайдың да ел-жұртпен ақылдасып шешкен, алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға жұмылуымыз керек.

Қарлығаш Есімсейітова,
Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы филиал директоры
Кітапсүйер жастар жылы қабылдады
Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Бұл жайында Мемлекет басшысы өз баяндамасында айқын әрі нақты мысалдар келтірді. Атап айтқанда, «Алматы облысында Қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар бой көтереді. Шымкентте де опера және балет теарының құрылысы басталмақ. Биыл М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының ашылғанына 100 жыл толды. Театр ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Музей ісін дамыту – маңызды міндеттің бірі. Осы ретте, Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өткім келеді. Заман талабына сай салынған орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылған. Бұл тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болады», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы өз баяндамасында жол-көлік инфрақұрылымына, экологияға, мәдениет пен өнер салаларына да кеңінен тоқталды. Бұл салада үлкен өзгерістер мен ілгері басуға қадам жасалып жатқанын, көптеген мәдени ошақтар салынып, елімізде 200-ден аса ғимараттар өтетінін тілге тиек етті. Құрылтай өтіп отырған Қызылорда қаласында жаңа кітапхана, жаңа театр ғимараты салынып, бүгінгі өскелең ұрпаққа қызмет жасайтынын жеткізді. Бұл соны жаңалықты кітапханашылар, оқырмандар мен қаламгерлер қауымы, білімқұмар, кітапсүйер жастар қуана қабылдады деп ойлаймын.
Заманауи технологиямен жабдықталған, оқырманы көп кітапханалардың көбеюіне жазушылар да ақ тілегін, алғысын жеткізіп жатқаны сөзсіз.
«Әл-Фараби, Яссауи, Абай ілімімен сусындаған рухани бай ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты міндеті», – деді Президент өз сөзінде.
«Ұлттық мұра цифрлық қоры» құрылуын тапсырды.
Ұлттық бірлік пен келісім – Тәуелсіздіктің кепілі. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы осыны меңзейді. Ел бірлігінің іргесі нығая берсін.

Азамат ӘбілҚайыр,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Бұл халық болып талқылаған мәселенің
басы да, соңы да емес
Конституцияның беттеріне соны өзгерістер түсетін түрі бар. Бұқарадан ұсыныс жиналып, келісімі ортақ қазанда қайнап шығатынына да кәміл сенеміз.
Негізі жұртшылықтың көңілі толатын шешімді табуға даналығымыз да, сабырымыз да жетеді. Ұлттық құрылтайда Президент те осыны меңзеді. «Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін тәуелсіздік — бәрінен қымбат», – деді.
Рас. «Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек». Бұл халық болып талқылаған мәселенің басы да, соңы да емес. Абай:
«Жау жабылса, бұзылмас жан көрмедім», – деп, тыныштығы кеткен елдің болашағы баянсыз екенін ескертті.
Ғасырлар бойы іздегенімізді тапқанда «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт, тыныштық көрсе, сәтке тұрмай жалыға қала-тұғыны қалай?» деген сол Абайдың кейіпкері болмайықшы.
Күрделі қоғамда, алмағайып әлемнің аласапыранында елтұтқасы нығаяр нәзік мәселелерді нәтижеге қарай алып жүру – ердің ерінің қолынан келер тірлік. Сол жолда бәріміз бірге болуымыз керек.
«Бостандық ұлтты бодандықтан да қатты сынайды» деп абыз Әбіш Кекілбаев бекер айтпаса керек…
Өз кезегімде бір ауыз ұсыныс айтқым келеді.
Ұлттық құрылтай аясында айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелердің орындалуын жүйелі түрде қадағалайтын ашық цифрлық платформа қалыптастыруды ұсынар едім. Онда Құрылтайда көтерілген әрбір бастама бойынша жауапты мекемелер, нақты мерзімдер мен атқарылған жұмыстар туралы ақпарат қоғамға тұрақты түрде жарияланып отырса, билік пен халық арасындағы сенім одан әрі нығая түсер еді.
Сондай-ақ өңірлердегі зиялы қауым өкілдерінің, шығармашылық адамдардың, жастардың бастамаларын Ұлттық құрылтаймен байланыстыра отырып, аймақтық қоғамдық диалог алаңдарын тұрақты форматта жолға қою ел ішіндегі ой-пікірдің орталыққа дер кезінде жетуіне мүмкіндік берер еді. Бұл қадамдар Ұлттық құрылтайды бір реттік жиын емес, елдің қоғамдық ой-санасын үздіксіз жаңғыртып отыратын тірі, пәрменді институтқа айналдыра түсері сөзсіз.
