Әдеби шеберлік мектебінің қорытынды шарасы өтті

10 күнге созылған «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсының биылғы кезеңі өз мәресіне жетті. Курстың қорытынды шарасы – жабылу салтанаты А.П. Чехов атындағы Алматы қалалық орталық кітапхана ғимаратында өтті.

Салтанатты жиынға отандық қаламгерлер мен «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсына қатысушы жастар қатысты.

Қорытынды жиынды ашып берген Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов жобаның маңыздылығына тоқталды:

– Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық әріптестігі аясында жүзеге асырылып келе жатқан ірі жобалар биыл да табысты түрде өз жалғасын тауып келеді. Бұл бастамалар ұлттық әдебиетті қолдауға, қаламгерлердің кәсіби деңгейін арттыруға және халықаралық әдеби байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Аталған жобалардың ішінде «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсының орны ерекше. Жобаның басты мақсаты – жас қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін ашу, кәсіби шеберлігін шыңдау, әдеби үдеріске бейімдеу және олардың дүниетанымын кеңейту. Мектеп аясында қатысушылар көркем шығармашылықтың қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, әдебиетке деген жауапкершілік, қаламгерлік ұстаным, ұлттық және әлемдік әдеби үдеріс жөнінде терең тағылым алды. Биылғы курс 21 маусым мен 1 шілде аралығында ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық 20 өңірінен келген талапкерлер арасынан іріктелген 20 дарынды жас қаламгер таңдалып алынды. Биылғы жобаның ең маңызды жетістіктерінің бірі – әлем әдебиетінің көрнекті өкілі, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның Қазақстанға алғаш рет келуі болды. Ол дәл осы «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсы аясында жас қаламгерлерге арнайы дәріс оқып, шығармашылық тәжірибесімен бөлісті. Бұл – тәуелсіз Қазақстан әдебиеті тарихындағы елеулі мәдени оқиғалардың бірі. Жобаның жоғары деңгейде жүзеге асуына отандық және шетелдік белгілі қаламгерлер, әдебиеттанушылар, аудармашылар, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері мен мәдениет қайраткерлері зор үлес қосты. Мұндай бастамалар қазақ әдебиетінің жаңа буынын қалыптастыруға, олардың халықаралық әдеби кеңістікпен байланысын нығайтуға және ұлттық әдебиеттің көкжиегін кеңейтуге қызмет етеді, – деді М. Құлкенов.

Сонымен қатар, жиында әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке, публицист, көрнекті эссеист Қали Сәрсенбай, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі, театртанушы ғалым Аманкелді Мұқан, ақын Ерлан Жүніс, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, «Шеберлік мектебінің» шәкірттері Салтанат Қайырбек пен Ерболат Әміренов ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды.

Шара соңында «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсының қатысушылары мен дәріскерлеріне алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етілді.

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Scroll to Top