Иранның бірқатар мәдениет және баспа ісі басшылары, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновтің қатысуымен «Иран мен Қазақстан арасындағы мәдени, әдеби және баспа саласындағы ынтымақтастық бағыттарын талқылау» тақырыбында бірлескен отырыс өтті.
Кездесуге қатысушылар әдеби шығармаларды өзара аудару, басып шығару, тарату және екі елдің әдеби әрі мәдени делегацияларымен алмасу саласындағы ынтымақтастықтың тәжірибелік жолдарын талқылады.
Жиын барысында IRAS институтының мәдениет және ирантану зерттеулері бөлімінің меңгерушісі доктор Халадж Монфаред Иран мен Қазақстанның мәдени-тарихи жақындығына және Фирдоусидің «Шахнамасынан» бастап қазіргі әдебиетке дейінгі екі халықтың ортақ қызығушылықтарына тоқталды. Ол Иран және Еуразия зерттеулері институтын (IRAS) таныстырып, бұл мекеменің саяси және мәдени салалардағы ғылыми-зерттеу қызметінің тарихы туралы баяндады. Сондай-ақ ол Қазақстанмен ғылыми, мәдени және әдеби ынтымақтастықты дамытудағы институттың әлеуетін атап өтті.
Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағыБасқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов Иран мен Қазақстанның терең тарихи-мәдени байланыстарын айтып өтіп, Иранның классикалық әдебиетіне деген зор сүйіспеншілігін және қазіргі иран әдебиетімен таныстығын тілге тиек етті. Иранның «Ғылыми және мәдени баспа» мекемесінің директоры доктор Хадиан әр елдің таңдаулы өлеңдері мен әдеби мәтіндер жинақтарын парсы тіліне аударып, басып шығаруға арналған осы мекеменің кешенді жобасы туралы түсіндірді. Бұл жобаның формасы мен мазмұнын тарқата келе, ол қазақ поэзиясы мен романдарын парсы тіліне аудару мүмкіндіктері туралы айтып: «Біз ирандық оқырмандардың қазақ жазушыларын, ал қазақ оқырмандарының иран жазушыларын танығанын қалаймыз», – деді.


Доктор Хадиан сондай-ақ өзіне бағынысты баспалар мен олардың кеңейтілген тарату желісі туралы мәлімет беріп, Ирандағы авторлық құқық пен баспа құқығы ережелеріне тоқталды. Ол баспа саласындағы ынтымақтастық екі елдің әдебиетін Иран мен Қазақстанның кітап нарығында өзара таныстыруға жақсы негіз бола алатынын баса айтты.
Жиын барысында тараптар ынтымақтастық туралы ортақ меморандумға отыруға, екі ел әдебиетін өзара аудару жұмыстарын бастауға уағдаласты.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі
