СӨЗ ӨНЕРІ: ТҮГЕЛ ТҮРКІНІҢ ТӨРІ – МАҢҒЫСТАУ

Ақтау қаласындағы Достық үйінде 19 қараша күні «Сөз өнері: Түгел Түркінің төрі — Маңғыстау» атты республикалық әдеби форумы өтті.

Маңғыстау өңірінде ұйымдастырылған ауқымды рухани іс-шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан келген белгілі қаламгерлер мен жергілікті әдебиет өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қаламгерлер қауымының ұлт руханиятын өркендетудегі айрықша рөліне тоқталды.

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов өз сөзінде:
Бүгін Маңғыстау төрінде бас қосуымыздың мәні ерекше. «Сөз өнері: Түгел Түркінің төрі – Маңғыстау» форумы – түркі халықтарының әдеби-мәдени байланыстарын нығайтып, ортақ рухани мұрамызды жаңаша зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды басқосу. Маңғыстау – тарихы терең, жыраулық дәстүрі қалыптасқан, қазақ сөз өнерінің қайнар көздерінің бірі. Бұл өңірдің әрбір төбесі мен тасы шежіреге толы, ал оның рухани кеңістігінде халқымыздың ғасырлар бойы жинаған жыр мұрасы сақталған.

Түркі халықтарын біріктіретін басты құндылықтардың бірі – ортақ әдеби мұра. Біздің тарихымыз, дүниетанымымыз, тіліміз бен мәдениетіміз ғасырлар бойы өзара сабақтасып келеді. Сондықтан мұндай форумдардың мақсаты – өткенді дәріптеумен қатар, ортақ рухани қазынаны бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, келешекке аманаттау, — деді.
Форум барысында қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні, даму перспективалары, ұлттық мұраның көркемдік және тарихи маңызы, сондай-ақ қазіргі әдеби үдерістегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Қаламгерлер өз ой-пікірлерін ортаға салып, әдебиеттің қоғамдағы орны мен сөз өнерінің жауапкершілігі жөнінде мазмұнды ой қозғады.

Атап айтқанда, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов «Сөз өнері — ұлт руханиятының алтын діңгегі» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстан Жазушылар одағының 2026 жылы атқарған жұмыстарына тоқталды.

Жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрдәулет Ақыш «Қырымның қырық батыры» топтамасының тарихи-көркемдік болмысын талдап, эпикалық мұраның әдебиет пен ұлттық танымдағы маңызына назар аударды.

Ал жазушы, драматург, аудармашы Нұрлан Қами «Маңғыстау прозасы: өткені мен бүгіні» тақырыбында сөз сөйлеп, өңір әдебиетінің қалыптасу кезеңдері мен қазіргі даму үдерісіне шолу жасады.

Сонымен қатар форумда жазушы, публицист Марат Мәжит, жазушы, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әмірхан Меңдеке, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оңайгүл Тұржан және ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Анар Шамшадинова сөз алып, әдебиет пен руханиятқа қатысты ойларын ортаға салды.

Форум аясында бірқатар жергілікті қаламгер Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, әдебиет пен сөз өнерін дамытуға сіңірген еңбегі үшін қаламгерлерге «Құрметті жазушы» төсбелгісі табысталды.


Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Scroll to Top