
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фарабиге телінетін тағылымды сөздің бүгінгі қоғам үшін мәні ерекше. Өйткені білімнің шынайы құндылығы адамның қаншалықты көп ақпарат меңгергенімен ғана емес, сол білімді қандай мақсатта пайдаланатынымен, оның бойындағы адамгершілік, жауапкершілік, ар-ұят және азаматтық қасиеттерімен өлшенеді. Білім мен тәрбие – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Білімді адам болу мен тәрбиелі адам болу қатар жүруге тиіс.
ҚазҰУ – ұлттық білім мен ғылымның қара шаңырағы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің жоғары білім беру жүйесінде айрықша орны бар, көпжылдық тарихы мен қалыптасқан академиялық дәстүрі бар іргелі оқу орны. Университет талай буын ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерін, қоғам көшбасшыларын, қаламгерлер мен мәдениет өкілдерін тәрбиелеп шығарды.
Бүгінде ҚазҰУ халықаралық білім кеңістігінде де өз орнын нығайтып келеді. Университет QS World University Rankings халықаралық рейтингінде 2026 жылы әлемнің үздік университеттері арасында 166-орынға көтерілді. Сонымен қатар 2026 жылғы Қазақстанның ұлттық жоғары оқу орындары рейтингінде бірінші орынға ие болды. Бұл – оқу орнының ғылыми-зерттеу әлеуеті, академиялық беделі мен халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жұмыстарының нәтижесі.
Адал қоғам қалыптастыру мәселесін білім беру саласындағы мемлекеттік саясатпен сабақтастықта қарастыруымыз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде білім мен ғылымды дамытудың ел болашағы үшін стратегиялық маңызына ерекше назар аударылды.
Президент: «Білімге негізделген экономика құру азаматтарымыздың ұзақмерзімді конституциялық міндетіне айналды. Қазіргі және одан кейінгі үкіметтер оны тиісті деңгейде орындауға тиіс», – деп атап өтті. Бұл – білім беру саласының мемлекет дамуының негізгі бағыттарының біріне айналғанын көрсететін маңызды тұжырым.
Мемлекет басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 132 университет жұмыс істеп, онда 800 мыңнан астам студент білім алады. Соңғы жеті жылда білім беру гранттарына бөлінетін қаржы екі есе өсіп, 3,4 миллиард долларға жеткен. Елімізде студенттердің сұранысын қамтамасыз ету мақсатында 281 жатақхана бой көтерген. Ғылымды қаржыландыру көлемінің 590 миллион долларға дейін ұлғаюы да осы бағыттағы жұмыстардың ауқымын аңғартады.
Сонымен қатар халықаралық академиялық ықпалдастықты дамыту бағытында да нақты нәтижелер бар. Қазақстанда 40 халықаралық стратегиялық серіктестік келісімі жүзеге асырылып, 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашқан. Бұл білім беру жүйесінің халықаралық кеңістікке кірігуіне, отандық ғылым мен жоғары білімнің жаңа мүмкіндіктерге ие болуына жол ашады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан университеттерінің дипломдарын халықаралық деңгейде мойындатуға мүмкіндік берген Лиссабон және Токио конвенцияларына қосылудың маңызын да атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың еңбегіне арнайы тоқталуы да жоғары білім саласындағы институционалдық сабақтастық пен жауапкершіліктің мәнін көрсетеді.
Алайда университеттің шынайы биігін тек халықаралық рейтингтермен немесе материалдық-техникалық жетістіктермен өлшеуге болмайды. Оның басты байлығы – қалыптастырған ғылыми мектебі, ұстаздық дәстүрі және қоғамға қызмет етіп жүрген түлектері.
ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті мен руханиятына сіңірген еңбегі айрықша. Қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Мұхтар Әуезов университет қабырғасында отыз жылға жуық еңбек етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, әдебиеттанушы ғалымдар Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғали, Зәки Ахметов және басқа да көрнекті тұлғалардың есімдері осы оқу орнының ғылыми-шығармашылық тарихымен тығыз байланысты.
Олардың бірқатары университетте ұстаздық қызмет атқарып, қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына үлес қосты.Осы тұрғыдан алғанда, ҚазҰУ – қазақ әдебиетінің талай көрнекті өкілдерінің білім алған, шығармашылық және ғылыми ізденістерін жалғастырған, кейінгі ұрпаққа тәлім берген рухани орда.
Бұл дәстүр – университеттің бүгінгі ұрпағына жүктелген үлкен жауапкершілік. Өйткені осындай тұлғалардың дәрісін тыңдаған, олардың ғылыми және адамгершілік мектебінен өткен оқу орнының басты мұраты – кәсіби маманмен қатар, парасатты азамат тәрбиелеу.
Соңғы уақытта университетте орын алған екі қайғылы оқиға қоғамның, әсіресе білім беру саласының өкілдері мен ата-аналардың алаңдаушылығын туғызды. Қасиетті қара шаңырақтың түлегі ретінде бұл келеңсіз оқиғалар мені де қатты толғандырады. Әсіресе біраз адамның бұндай қайғылы оқиға тек ҚазҰУ-да ғана болып жатқандай пікір туғызуға тырысулары менің жанымды ауыртады. Әділін айтсақ, әлемдегі жоғары оқу орындарында жайсыз жағдайлардыңнеше түрі болып жатады. Меніңше, бұл үлкен білім орталығында қалыптасқан ахуал деп пікір білдірушілер қатты қателеседі. Бұл – жекелеген студенттердің жеке басының тәрбиесіздігінен, қайда оқып жүргенін сезінбейтін парықсыздығынан туындаған келеңсіздік. Сондықтан мен оқуға түсуші талапкерден тек тест алып қана қоймай, оның мектептен, отбасынан алған тәрбиесі жөнінде де сынақ алудың әдістемесін немесе өкілетті органдардың тиісті мінездеме алу үрдісін енгізуіміз керек деп есептеймін. Студенттердің өміріне қатысты қайғылы жағдайлар, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіп мәселелері – бейжай қарауға болмайтын мәселелер. Бұл ретте адам өмірі мен қауіпсіздігі кез келген білім беру мекемесі үшін ең жоғары құндылық болуы керек.
Сонымен бірге жекелеген оқиғаларға байланысты тұтас университеттің көпжылдық қызметіне, ғылыми әлеуетіне және тарихи беделіне біржақты баға беруге болмайды деп есептеймін. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындары да студенттердің әлеуметтік бейімделуі, психологиялық ахуалы, жатақханадағы қауіпсіздік, жастар арасындағы қарым-қатынас пен тәртіп мәселелері секілді күрделі міндеттермен бетпе-бет келеді. Ірі университеттерде әртүрлі әлеуметтік ортадан, түрлі көзқарас пен тәрбие үлгісінен шыққан мыңдаған жас білім алады. Сондықтан мұндай ортада кездесетін мәселелерді жүйелі түрде зерделеп, алдын алу тетіктерін жетілдіру – барлық жоғары оқу орындарына ортақ міндет.
Осы орайда, университет ректорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытжан Омаров пен география факультетінің деканы Әлия Ақтымбаеваның орнынан кетуі де қуанатын жағдай емес. Мен білетін өмірде бұл екі азамат та өз жұмысына мұқият, парасатты адамдар еді. Дегенмен, ҚазҰУ басшылығының соңғы оқиғаларға байланысты жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты шаралар қабылдауы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізуі де осы жауапкершіліктің бір бөлігі ретінде қарастырылуы керек.
Қазақ әдебиетінің ұлы тұлғалары еңбек еткен ҚазҰУ үшін бұл бағыттың маңызы тіпті жоғары. Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдоловтың ұстаздық мұрасы, қазақ әдебиеті мен ғылымының қалыптасуына үлес қосқан көрнекті ғалымдардың өнегесі бүгінгі студенттер үшін де рухани бағдар болуы тиіс.
Қорытындылай айтқанда, білімнің биігі – адамдықтың биігімен өлшенеді.Жас ұрпаққа білім беру – оның кәсіби болашағын қалыптастыру болса, тәрбие беру – қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру. Осы екеуі қатар жүргенде ғана университет өз миссиясын толық орындай алады. Әл-Фарабидің тағылымды ойы бізге осыны еске салады. ҚазҰУ өзінің бай тарихы мен қалыптасқан академиялық дәстүріне сүйене отырып, білімді де тәрбиелі, білікті де парасатты ұрпақ тәрбиелеу жолындағы қызметін алдағы уақытта абыройменжалғастыра береді деп сенемін.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының Төрағасы
