ТЕАТР КЕРЕК

Таяуда ҚазҰУ-де болған екі студенттің өлімі әлеужелінің түндігін желпілдетіп тұр. Ондағы жазбаларда кешегі өзіміз тәлім алған қасиетті оқу ордасы мен оның басшыларын жерден алып, жерге салып жатыр. Басшыларды да кінәсіз деуге болмас. Тергеу жүріп жатыр, кінәлілер анықталар. Ең бастысы алдағы уақытта осындай сұмдықтардан сабақ алу, тағылым түюдің әдеттегідей одан әрі талқыланбай сол сәтте ұмытылатыны да жасырын емес қой. Қазірдің өзінде мәселеге жүйелі түрде үңіліп, оның себеп-салдарын саралаудың орнына қоғамға керек кісінің басын емес, жасын айтып, мәселені кезекті «өш алу» науқанына айналдыру, пендешілік пен популистік деңгей анық байқалады. Мұндай қасірет қазіргі қоғам үшін түк те таңсық емес. Бұл тек ҚазҰУ-де орын алып отырған жағдай ма? Жоқ. Бұл барлық орта, жоғары оқу орындарында едәуір уақыттан бері Тәрбие деген тәңірдің тұралап, бауырлап жатқанының анық көрінісі. Жоғары оқу орындары рухани, мәдени ортадан алыстап кетті. Кезінде ҚазҰУ-ге бір ғана «Жеті музаның» өзі жетіп жатар еді. Жазушылармен, өнер адамдарымен, белгілі тұлғалармен дүркін-дүркін кездесу өтіп жататын. Жан дүниесі осындай тәрбиемен нұрланған студенттен қылмыскер шығушы ма еді?! Ата-аналармен байланыс жасап тұру үрдісі де бар еді. Мұғалім мен студент әкелі-балалы, ағалы-інілі, құдды бір құрдас секілді көрінетін. Бүгінгі адам құлағы естімес есірлік пен кесірліктің бел алуы да осы парасатқа негізделген параллелизмнен, қарапайым адами қасиеттерден алыстап кеткенімізден.

…Қайсыбір жолы бір мақаламда жоғары оқу орындарына театр керек деген ой атып едім. Театр ол тек спектакль қоятын орын емес, ол сол шаңырақтың шабытты ордасы, жүрек, сана соғысы, сұлулық салтанат құратын, бүткіл қоғамдық, адами ой-пікірді таразылайтын, қорытатын құтхана. Театры бар оқу орнында қылмыс болмайды.

Қали СӘРСЕНБАЙ,
жазушы-публицист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

Scroll to Top