Махамбет рухына құрмет: Жазушылар делегациясы баба басына барып тағзым етті

15 мамыр — қазақтың өр рухты ақыны, қаһарман күрескері, мұзбалақ жыршысы Махамбет Өтемісұлының туған күні. Осыған орай Алматыдан келген Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов бастаған қаламгерлер делегациясы Атырау облысы, Индер ауданындағы Махамбет баба зияратына арнайы барып, рухына құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды.

Тағылымды сапар барысында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов ұлт руханиятына өшпес із қалдырған дауылпаз ақынның ерлікке толы өмірі мен күрескерлік келбеті туралы тебірене сөз сөйледі. Ол Махамбеттің мұрасы — ұлттың жады мен жігерін қайрайтын асыл қазына екенін атап өтті.

Құрметті делегация құрамында Индер ауданы әкімінің орынбасары Артур Мурзин, аудандық мәслихат төрағасы Абзал Рамазанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сүйеу Халықов және “Дендер” қоғамдық-саяси газетінің редакторы, облыстық мәслихат депутаты Жанай Амантурлин Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығының маманы Сакупова Гүлжан болды.

Жыр алыбының рухына тағзым ету сәтінде ақындар жүрекжарды жырларын оқып, шабытпен тебірене еске алды. Сондай-ақ, делегация мүшелері зиярат маңында жерленген қазақтың көрнекті ақыны, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиевтің де басына барып, дұға оқыды.

Scroll to Top