3 қыркүйек күні Ташкентте «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар диалогы» форумының салтанатты ашылуы мен пленарлық отырысы өтті.
Іс-шаралар ұлы өзбек ақыны әрі ойшылы Әлішер Науаидың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
Одан кейін форум аясында Өзбекстан Жазушылар одағында «Әдеби достық – мәңгілік достық» тақырыбында кітап көрмесі және Бірінші Баку түркология конгресінің 100 жылдығына арналған архив материалдарының көрмесі ұйымдастырылды.
Форумның салтанатты ашылу рәсіміне Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Хайриддин Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов, Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің Бас директоры Абдусаид Көчимов және Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қатысты.
Пленарлық отырысты Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Сайид жүргізді.
Форумның тақырыптық сессиясы «Өзбекстан мен Қазақстанның әдеби диалогы: ортақ мұра, заманауилық және ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» тақырыбына арналды. Сессия барысында екі ел әдебиеті арасындағы тарихи және қазіргі байланыстар, ортақ әдеби мұра, шығармашылық ынтымақтастық және өзара аударма мәселелері талқыланды.
Сессияны Өзбекстан Жазушылар одағы Төрағасының бірінші орынбасары Минхожиддин Мирзо модератор ретінде жүргізді.
Форум аясында сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов екі елдің тарихи әдеби байланысына тоқталып, бірқатар ұсыныстар жасады:
– Форумның «Түркі әлемінің руханимұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар диалогы» деген атауының өзінде үлкен мән бар. Өйткені әдебиет – халықтың жадын сақтайтын ұлы күш. Сондықтан әдеби мұра –үлкен рухани құндылық.





Биылғы форумның тарихи тағылымы да ерекше. 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші түркологиялық конгреске биыл 100 жыл толып отыр. Осыдан бір ғасыр бұрын түркі дүниесінің ғалымдары тіл, әдебиет, мәдениет және руханият мәселелерін ортақ деңгейде талқылау үшін бас қосты. Бұл жиын түркі халықтарының ғылыми және мәдени байланыстарының тарихындағы аса маңызды белестердің бірі болды.
Бүгін, жүз жылдан кейін, біз сол тарихи дәстүрді жаңа мазмұнда жалғастырып отырмыз.
Бұрын ғалымдар түркі халықтарының тілдік және ғылыми ортақтығын талқыласа, бүгін біз сол ортақ рухани кеңістікті әдебиет арқылы одан әрі кеңейтуге ұмтылып отырмыз.
Осы ортақ дүниенің биік тұлғаларының бірі – ұлы Әлішер Науаи.
Науаи мұрасы – өзбек халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ортақ қазынасы. Оның шығармаларындағы адамгершілік, әділет, білім, елдік, ізгілік идеялары бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Науаи түркі тілінің көркемдік мүмкіндігін биік деңгейге көтерді. Оның шығармашылығы ана тілінің қуатын танытқан ұлы мектеп болды. Қазақ әдебиеті үшін де Науаи есімі қашанда қастерлі.
Біздің классикалық әдебиетіміздің даму тарихында түркілік әдеби дәстүрдің орны айрықша. Абайдан бастап кейінгі буын қаламгерлеріне дейінгі қазақ әдебиетінің рухани кеңістігін осы ортақ арнадан бөліп қарауға болмайды.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әдеби байланыстардың болашағы зор деп есептеймін.
Қазақ пен өзбек әдебиетінің өзара байланысын жаңа деңгейге көтеру үшін нақты жобалар қажет деп санаймын. Осы форум аясында Қазақстан мен Өзбекстанның әдеби ынтымақтастығын нақты мазмұнмен толықтырудың да маңызы зор. Алдағы уақытта екі ел классиктері мен қазіргі қаламгерлерінің шығармаларын өзара аударып, басып шығару, ортақ антологиялармен әдеби жобаларды жүзеге асыру, әдеби кештер мен форумдар ұйымдастыру, шығармашылық делегациялар алмасу, жас ақын-жазушыларды қолдау, әдеби басылымдар арасындағы тұрақты байланысты күшейту – біздің ортақ міндетіміз болуы тиіс.
Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық әріптестігі аясындағы «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасы да қазақ және өзбек әдебиетінің көрнекті өкілдерін кеңінен танытып, ортақ әдеби-мәдени кеңістігімізді нығайтуға қызмет етеді.
Сонымен бірге, 2027 жылы Өзбекстан жерінде дүниеге келіп, қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан көрнекті ақындарымыз Төлеген Айбергеновтің 90 жылдығы мен Есенғали Раушановтың 70 жылдығын екі ел болып жоғары деңгейде атап өтуге ерекше мән беруіміз керек. Бұл мерейтойлар әдеби кештермен, ғылыми конференциялармен, поэзия күндерімен ғана шектелмей, олардың шығармаларын қайта басып шығару, өзара аудару, туған жерлерінде және Қазақстанның ірі мәдени орталықтарында тағылымды шаралар ұйымдастыру арқылы жалғасын тапса, екі халықтың рухани байланысын бұрынғыдан да тереңдете түсер еді.
Осы орайда бүгінгі бас қосуымызда ерекше бір оқиғаға тоқталғым келеді. Ташкент облысының Бостандық ауданындағы Қараманас ауылында дүниеге келген көрнекті қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың есімі осы ауылдағы №34 мектепке берілуі – біз үшін үлкен құрмет әрі зор қуаныш.
Қазақ қаламгерінің есімін Өзбекстандағы білім ордасына беру – екі халықтың рухани жақындығының нақты көрінісі. Бұл – әдебиеттің шекара танымайтынын, ортақ тарих пен мәдениеттің ұрпақтарды жалғастыратынын көрсететін тағылымды қадам.
Рахметолла Райымқұловтың аты берілген мектеп – қазақ пен өзбек әдебиеті арасындағы алтын көпір. Осы көпірдің ғұмыры ұзақ болсын!
Түркі дүниесінің рухани мұрасы – біздің ортақ байлығымыз. Ал әдебиет – сол байлықты ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін бірден-бір дәнекер. Қаламымыз ортақ мұраттарға қызмет етсін! – деді Мереке Әбдешұлы.
Форум екі ел шығармашылық өкілдері арасындағы әдеби диалогты одан әрі кеңейтуге, ортақ әдеби мұраны зерттеп, насихаттауға, өзара аудармалар мен бірлескен шығармашылық жобаларды дамытуға бағытталуымен маңызды болды.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі
