ҚАЗАҚ-ТҮРІК ӘДЕБИЕТІНІҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

2025 жылдың 27 қаңтарында Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңес төрағасы, танымал жазушы, доктор Мұхиттин Шімшекпен кездесу өткізді.

Мұхиттин Шімшек – әдебиет саласында халықаралық деңгейде танылған жазушы. Оның шығармашылығы қазақ әдебиетіне ортақ құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Бұл кездесу қазақ әдебиетін жаһандық деңгейде дамыту мен танытуға ықпал ететін маңызды қадам болды.

Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов профессор Мұхиттин Шімшектің әдебиетке сіңірген зор еңбегін ескеріп, оны екі ел әдебиетінің елшісі деп танып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын табыстады.

Кездесу барысында тараптар екіжақты әдеби және мәдени ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру, халықаралық әдеби іс-шараларды ұйымдастыру, қазақстандық және шетелдік жазушылар арасында тәжірибе алмасу бағытында нақты қадамдар жасау туралы келісімге келді. Сонымен қатар Мухиттин Шімшек қыркүйекте Түркістан қаласында Түркі елдері студент қаламгерлерінің форумын өткізу туралы жоспарымен де бөлісті.

Қазақстан Жазушылар одағы екі елдің әдебиет саласындағы байланыстарын нығайтуға арналған жаңа бастамаларға әрдайым ашық екенін тағы да дәлелдеді.

Қазақстан Жазушылар одағының Баспасөз орталығы

Scroll to Top