
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтің бастамасымен Жазушылар одағында жазушы, әдебиеттанушы, аудармашы Мақсат Тәж-Мұраттың «Он бірінші ауылдың Павлик Морозовы» атты повесіне арналған шығармашылық талқылау өтті.
Жиынға бірқатар танымал қаламгерлер мен әдеби сыншылар қатысып, шығарма төңірегінде өз ой-пікірлерін ортаға салды. Мереке Құлкенов талқылау барысында бұл туындының қазақ әдебиетіндегі жаңашыл ізденістер қатарынан табылатынын айта келіп:
– Қазіргі прозада көркемдік пен деректілік қатар өріліп келе жатыр. Әдеби ағымдар да өзгеріп, заманға сай жаңа бағыттармен толықты. Мақсат Тәж-Мұраттың аталмыш повесінен постмодернистік ізденістердің де нышандарын аңғаруға болады. Әуелде Бердібек Соқпақбаевтың стиліне жақындау көрінгенімен, бұл – мүлде басқа көзқарас, басқа идея. Шығармаға деректі элементтерді шеберлікпен енгізе отырып, автор көркемдік әлеуетті күшейткен. Сондықтан да бұл шығарма – талқылауға, пікір алмасуға әбден лайық. Сіздерді бүгін осы мақсатпен шақырдым. Ендігі сөз – сіздерде, – деп қатысушыларды ашық пікір айтуға шақырды.
Ең алдымен филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнол-Ғабиден Бисенғали жазушы Мақсат Тәж-Мұраттың шығармашылығына жақсы қанық екенін айта келіп, жаңа повестің идеялық-эстетикалық сипатына арнайы тоқталды:
– Бұл шығарма – ойландыратын, салмақты проза. Автор кейіпкерлердің портретін, ішкі психологиясын, диалог арқылы танымдық аясын кең ашып көрсеткен. Жиналыс үстіндегі әр адамның сөзі – оның танымдық кеңістігі мен әлеуметтік болмысының айнасы. Бұл – үлкен шеберлікті талап ететін тәсіл. Автор осы тұста биіктен көрінген. Әсіресе үш негізгі кейіпкер – Қылыш, әкесі және Қабдош бейнелері терең әрі сенімді сомдалған. Мақсат шығармасында бір ортада өмір сүретін, бірақ идеялық ұстанымы әрқилы кейіпкерлерді даралай отырып, бүгінгі қоғамдағы психологиялық ахуалды шынайы жеткізе алған. Әдеби ізденіс, жаңа идеяны игеру жолында қаламгер өз мақсатына жеткен деп есептеймін. Шығарманың сәтті шығуы да – осы ізденістің нәтижесі, – деді Зейнол-Ғабиден Бисенғали.
Жазушы, балалар әдебиетінің өкілі Нұрдәулет Ақыш Мақсат Тәж-Мұраттың повесін талдай отырып, шығарманың бағыт-бағдары мен тілдік сипатына ерекше тоқталды:
– Шығармада бас кейіпкер алтыншы сынып оқушысы болғанымен, бұл – балаларға емес, ересек аудиторияға арналған туынды. Мұндай жағдай қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде де кездеседі. Сондықтан шығарма табиғатын дәл тану қажет. Екіншіден, туындыда автордың экспериментке барғаны байқалады. Бірақ кез келген шығармашылық ізденіс ана тілінің лингвистикалық заңдылықтарын бұзбауы тиіс. Мақсаттың көп жағдайда әдеби норманы сақтап, сөзбен ойнау шеберлігін көрсете білгені қуантады. Дегенмен, тілдік дәлдікке мұқият болу қажет тұстар да бар. Үшіншіден, повесте драмалық өріс бар – әсіресе жиналыс сахнасы толыққанды пьесаға сұранып тұр. Кейіпкерлер мінезі, ішкі психологиясы нанымды берілген. Ал бас кейіпкердің интеллектуалдық деңгейі арқылы қаламгердің терең білім қоры мен дүниетанымы сезіледі.
Мақсат – табиғатынан интеллектуал жазушы. Бұл туынды – сәтті шыққан әдеби эксперимент. Бірақ оны балаларға арналған шығарма деп қабылдау – қателік болар еді, – деп тұжырымдады Нұрдәулет Ақыш.
Жазушы, әдебиеттанушы Жұмабай Құлиев Мақсат Тәж-Мұраттың «Он бірінші ауылдың Павлик Морозовы» повесін оқи отырып, шығарманың терең философиялық, мәдени және психологиялық қабаттарына назар аударды:
– Бұл шығарма – бір ғана ауыл өмірінің шеңберінде тұтас дәуірдің көркем шындығын көз алдымызға әкелетін тың туынды. Автор ауыл тұрмысы арқылы кеңестік жүйенің ішкі табиғатын, саяси ахуалын, мінез-құлық кодтарын шебер бейнелеген. Монша эпизоды, бит мәселесі – сырттай қарағанда ұсақ көрінгенімен, астарында қоғамның үлкен дерттері мен қайшылықтары жатыр. Мақсат Тәж-Мұрат кейіпкерлерінің ішкі арпалысын, санадағы сілкіністі, ар мен идеология арасындағы қақтығысты дәл жеткізген. Әке мен бала арасындағы рухани қайшылық – шығармадағы ең өзекті өзек. Автор өз заманының антропологиясын – адам мінезі мен құндылық жүйесін, уақыт пен кеңістік аясындағы өзгерістерді терең зерттеп, реалистік әрі публицистикалық тәсілмен көркем жеткізеді.
Шығарма ауыл өмірін ғана емес, кеңестік кезеңнің идеологиялық портретін де нақты әрі көркем етіп сомдайды. Бұл – қазақ прозасында сирек кездесетін, терең мәдени-философиялық мазмұнмен суарылған шығарма, – деп қорытындылады Жұмабай Құлиев.
Әдебиеттанушы Жұмат Тілепов Мақсат Тәж-Мұраттың повесін тарихи-көркем сипат тұрғысынан талдап, шығармадағы идеялық астар мен кейіпкер сомдауға ерекше мән берді:
– Павлик Морозов феномені бір кезеңнің жас ұрпағына айрықша ықпал еткені белгілі. Мақсаттың бұл туындысында сол тарихи оқиғаның контексінде жазылған, алайда мүлде бөлек таным тұрғысынан өрілген жаңа мазмұн байқалады. Шығарманың кіріспесі оқырманды бір сәт күдікке қалдырғанымен, кейінгі өрбуі сенімді ойға жетелейді. Басты кейіпкердің дүниеге келген сәтінде кіндігінің қылыш тәрізді сапымен кесілуі және Қылышбай атануы – символдық тұрғыдан мәнді. Бұл эпизод повеске өзгеше реңк беріп, көркемдік деңгейін арттырады. Кейіпкерлердің прототиптері де шынайы өмірмен қабыса бейнеленген.
Шығарма ауыл болмысын, сол кезеңдегі әлеуметтік мәселелерді дәл суреттей отырып, дәуір сипатын терең ашады. Бұл – ұлттық болмыс пен тарихи шындықты көркем тілмен тоғыстырған салиқалы дүние, – деп бағалады Жұмат Тілепов.
Жазушы, әдебиет сыншысы Жүсіпбек Қорғасбек жазушы Мақсат Тәж-Мұрат шығармашылығына орай өз ойын ортаға салып, жаңа туындының ерекшелігін айрықша атап өтті. Ол «Он бірінші ауылдың Павлик Морозовы» атты повестен бұрын қаламгердің «Жаңа жыл кешінде» атты әңгімесін оқығанын тілге тиек ете отырып:
– Жаңа жылдың басында жарық көрген «Жаңа жыл кешінде» атты әңгіме көңілімнен шықты. Қазіргі таңда көркем әдебиет пен журналистиканың арасында «әдеби журнализм» деген жаңа бағыт пайда болды. Бұл – әдебиеттегі табиғи эволюцияның бір көрінісі. Кейбіріміз бұл бағытты қолдасақ, енді біріміз күмәнмен қараймыз. Дегенмен, Мақсаттың бұл шығармасы дәл осы бағытта жазылған тың дүние ретінде бағалауға лайық. Оны әлем әдебиеті не қазақ прозасындағы классикалық туындылармен салыстыру орынсыз. Себебі, бұл – өзіндік стилі бар, бөлек сүрлеу салған, аналогы жоқ дүние. Сондықтан да оны ешкіммен салыстырып әуре болудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл шығарма автордың дара қолтаңбасын айқын көрсетеді, – деп пікір білдірді.
Ақын Ахмет Өмірзақ жазушы Мақсат Тәж-Мұраттың повесіне талдау жасай келе, шығармадағы идеялық астар мен көркемдік әдіске айрықша назар аударды:
– Повесте жас кейіпкер – шынайылық пен жалғандықты айыра қоймаған бала бейнесі арқылы автор Кеңес дәуіріндегі рухани ахуалды ашады. Біріншіден, кеңестік жүйенің сырттай мызғымас көрінгенімен, ішкі дағдарысын астарлап жеткізсе, екіншіден, ақиқаттың жанашырсыз қалуы бейнеленеді. Үшіншіден, бұл – таза қазақы ортада бой көрсеткен іштей қарсылықтың көрінісі. Жиналыстағы кейіпкерлердің мінезі, ой өрісі, репликалары – бәрі нанымды сомдалған. Автор оқырманды жетелейтін динамикалық баяндау тәсілін сәтті қолданған. Дегенмен, повесті тарау-тарау етіп бөлу оқуға қолайлылық қосар еді.
Сонымен қатар, тілдік тұрғыдан да шығарма назар аударарлық. Автор тұрақты тіркестермен, мақал-мәтелдермен еркін жұмыс істейді. Мысалы, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тіркесін өзгертіп, «Ешектің арқасына қарға жұмыртқалаған» деп қолдануы бастапқыда оғаш көрінгенімен, кейін ирониялық тәсіл екенін байқадық. Бұл – жазушының стилистикалық еркіндігі мен тілмен ойнау қабілетінің көрінісі. Авторлық баяндауда журналистиканың, прозаның және әдеби публицистиканың элементтері үйлесім тапқан. Жалпы, туынды терең мазмұнымен, тілдік өрнегімен, көркемдік тәсілімен көзге түседі, – деп түйіндеді Ахмет Өмірзақ.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов:
— Асқар Сүлейменовтің «Адасқағы» шыққан кезде Ғабең алғысөзін жазып, қоғамда үлкен әңгіме, серпіліс болған. Сол секілді, бүгін осы кітапты талқылап жатқанымыз маған қатты ұнап отыр. Шығармада астын сызып оқыған жерлерім бар. Кітаптың екінші басылымында автор ескермесе болмайтын тұстар кездесті. Мысалы, бит туралы езіп, ұзақ жазған да, биттің баласын «биттің жұмыртқалары» деп атапты. Бұлай кез келген сөзді бұрмалап, жас ұрпақты шатастырмауымыз керек. Оның сірке деген қалыптасқан аты бар ғой. Немесе биттің жұмыртқалары атауын тырнақшаға алу керек еді. Сосын баланың староста болған сәтін белгілі бір үлкен кісінің басшылық қызметке келгеніндей шұбатып, бастырмалатып айтудың керегі жоқ секілді, — деп түйіндеді.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы:
— Ағаларымыз жақсы-жақсы пікірлер айтты. Менің ойымша, мәдениетті жазушы деген бар, бірақ мәдениетті жазу кез келгеннің қолынан келмейтін ерекшелік. Кітаптан осыны байқадым. Мақаңның ауқымды, маңызды тақырыптарды арқау ететін деректі прозаларын оқып жүрміз ғой. Біршама уақыт бұрын әдеби порталдардың бірінен «Жаңа жыл кеші» атты туындысын оқыдым да, «Мақаң көркем шығарма жазу керек қой» деген ой келген. Міне, бүгінгі талқылап отырған повесть осы үдеден шығып отыр.
Әдебиетте таптаурын түсінік, бұлжымайтын ереже жоқ қой. Әуезовтің стилімен, эпикалық тыныспен жазу мәнері заманның ағымына қарай өзгеріп, мүлде басқа бағыттар қалыптасуда. Журналистика мен көркем сөз араласып кетті. Әлем әдебиетінде осы үрдіс жүріп жатыр. «Неге бұлай жазбайсың?» деген шектеу жоқ. Мақаңның повесінде жаңашылдық бар. Туындыда кешегі, бұрнағы дүниелер бейнеленгенімен, бүгінгі ұрпаққа бұл жаңа дүние, жаңа тарих болуы мүмкін. Осы туындысы арқылы жазушы үлкен бір дәуірді қысқа да-нұсқа суреттеудің үлгісін көрсетіп отыр. – деп өз пікірін білдірді.
Белгілі әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке жазушы Мақсат Тәж-Мұраттың повесін кеңестік кезеңге бүгінгі көзқараспен зерделенген тың туынды ретінде бағалап, шығармаға қатысты тұшымды пікір білдірді:
– Мақсат Тәж-Мұраттың бұл шығармасын оқи отырып, Әлібек Асқардың «Социализм әңгімелері» сериясын еске түсірдім. Екі автор да бір дәуірді шынайы әрі бүгінгі таныммен бейнелейді. Сол кезеңде қандай аңғал болғанымызды, кейде тіпті аңғара бермеген жалған ұрандар мен формализмнің қақпанына қалай түскенімізді сезінесің. Повестің «Пионерия хикаяты» деген атауының өзі мазмұндық салмақты арқалап тұр. Кейіпкері бала болғанымен, шығарма балаларға арналған емес. Бұл – жақсы мағынасындағы күрделі проза. Мұнда шындық әмбиеге шашқан алтын теңгедей жарқырап көрінеді. Серік Асылбектің шығармаға жазған рецензиясымен толық келісемін.
Кейбір оқырмандар айтып жүргендей, «бит мәселесіне арналған жиналыс тым ұзақ» деп есептемеймін. Керісінше, дәл осы эпизодта түрлі кейіпкерлердің мінезі, ішкі болмысы ашылады. Бәрі жастар жайында ұрандатқанымен, сол жастардың өзіне ешкім көңіл бөлмейтіні – ащы шындық. Бұл көрініс бүгінгі күнмен де үндес. Шығармада суреттелетін 1969 жылғы жағдай – кеңестік совхоздың қатпарлы болмысы. Қойшыны құлша жұмсаған басшылардың сөзі мен қарапайым адамдардың уәжі салыстырғанда, соңғылары әлдеқайда салмақты. Бұл шығарма тек бір кезеңді емес, бүкіл қоғамның қасаң құрылымын, адамның ішкі күйін, сана қайшылығын көркем әрі терең жеткізе білген, – деп түйіндеді Әмірхан Меңдеке.
Талқылау соңында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов шығарманың авторы, жазушы Мақсат Тәж-Мұратты Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдап, мүшелік билет табыстады. Сонымен қатар, қаламгерге алдағы шығармашылық жолында сәттілік пен табыс тіледі. Қаламгерлердің бұл шығарма туралы толық әрі жан-жақты пікірін «Қазақ әдебиеті» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.
