ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанипаш Қайсақызы Мәдібаеваның 75 жасқа толуына орай «Әдебиет тарихы және өзекті мәтінтану: зерттеу, оқыту тәжірибелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізді.

Шараға қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Әбешұлы Құлкеновтің құттықтауын жеткізді. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы мерейтой иесінің ғылыми және ұстаздық еңбегіне қатысты жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ жиынға Әзербайжан, Армения және Қырғыз Республикасынан келген зерттеушілер, еліміздің ғылыми және шығармашылық қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, әдебиеттанушылар, қаламгерлер қатысып, қазақ әдебиетінің тарихы, әдебиетті дәуірлеу қағидаттары, зар заман поэзиясы, абайтану мен әуезовтану, мәтінтану және әдеби мұраны оқыту мәселелері талқыланды.

Конференция аясында «Зар заман ағымы» еңбегінің, екі томдық «Әдебиеттанушы» анықтамалығының, «Әдебиет тарихы және өзекті мәтінтану: зерттеу, оқыту тәжірибелері» атты конференция материалдары жинағының және Қанипаш Мәдібаеваға арналған «Биобиблиографиялық сөздіктің» тұсаукесер рәсімі өтті.

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Scroll to Top