Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов белгілі ақын, жазушы, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Валерий Михайловпен кездесті.

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов жазушыны 80 жас мерейтойымен және Қазақстан Республикасының І дәрежелі «Барыс» орденімен құттықтады. Ол өз сөзінде:

– Сіз – қазақ руханияты мен тарихының күрделі, көмескі беттерін көркемдік және зерттеушілік зердемен зерделеп, әдебиетіміздің ортақ қазынасына елеулі еңбек сіңірген көрнекті қаламгерсіз. Ақын, прозашы, публицист және әдебиеттанушы ретінде Сіз қазақ елінің тарихы мен тағдырына, ұлттық мәдениетіне әрдайым ерекше ықылас танытып келесіз.

Сіздің шығармашылық мұраңыздың маңызды бір арнасы – халқымыздың тарихи жадына қатысты еңбектеріңіз. Соның ішінде «Ғаламат жұт шежіресі» қазақ халқы бастан кешкен аса ауыр тарихи кезеңді терең зерттеп, архивтік деректер мен адам тағдырларын сабақтастыра суреттеген құнды еңбек ретінде ерекше бағаланады. Бұл кітап өткеннің қасіретті сабақтарын ұмыттырмай, тарихи ақиқатты кейінгі ұрпақтың санасына жеткізуімен құнды.

Сіздің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне арналған зерттеулеріңіз, публицистикалық еңбектеріңіз және шығармаларыңыз екі халықтың рухани жақындығын танытуға қызмет етіп келеді. Қазақтың көрнекті қаламгерлерінің шығармашылығын зерттеп, ұлттық әдебиетіміздің құндылықтарын орыс тілді оқырманға танытудағы еңбегіңіздің де орны айрықша.

Сондай-ақ «Простор» журналын басқарған жылдарыңызда қазақ әдебиетін насихаттауға, қазақ қаламгерлерінің шығармаларын кеңінен танытуға зор үлес қостыңыз. Журнал бетінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің туындылары мен ұлттық руханиятқа қатысты құнды материалдардың жариялануына жағдай жасадыңыз. Бұл бағыттағы еңбегіңіз еліміздің әдеби-мәдени өміріндегі айрықша қызметіңіздің бірі деп білемін.

І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталуыңыз – Сіздің көпжылдық шығармашылық және қоғамдық қызметіңізге, Қазақстан руханияты алдындағы еңбегіңізге көрсетілген лайықты құрмет әрі жоғары бағалау.

Осы айтулы күні Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, ұзақ ғұмыр және шығармашылық шабыт тілеймін. Қаламыңыздан туған шығармаларыңыз халқымыздың рухани игілігіне қызмет ете берсін! – деді.

Өз кезегінде кездесуге қатысқан Қазақстан Жазушылар одағының орыс әдебиеті және әдеби байланыстар жөніндегі кеңесінің төрағасы Василий Шупейкин, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының халықаралық байланыстар және әлем әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Светлана Ананьева, «Простор» әдеби журналының бас редакторы Фархад Тамендаров, «Простор» әдеби журналының Мәдениет бөлімінің меңгерушісі Наталья Горячева мен «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Николай Жаров қаламгерге өз құттықтауларын жеткізді

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Scroll to Top