Шушада халықаралық ІІ «Түркі әлемі жас ақындар фестивалі» өтті

Әзербайжанның мәдени астанасы саналатын Шуша қаласында 16–17 шілде күндері аралығында «ІІ Түркі әлемі жас ақындар фестивалі» өтті.

«Вагиф поэзия күндері» аясында ұйымдастырылған беделді фестивальге түркі дүниесінің алты елінен талантты жас ақындар қатысып, ортақ әдеби мұра, ұлттық поэзия және рухани сабақтастық тақырыптарын арқау еткен шығармаларын оқыды.

Фестиваль Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының, Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігінің және Гейдар Әлиев қорының қолдауымен өткізілді. Соңғы жылдары дәстүрлі сипат ала бастаған бұл әдеби алаң түркі халықтарының жас ақындары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, мәдени ықпалдастықты дамытуға бағытталған маңызды халықаралық жоба ретінде танылып келеді.

Фестивалдің салтанатты ашылу рәсіміне Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Адиль Керимли, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Анкара Әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры Мұса Казым Арыджан, Түркия Жазушылар одағының төрағасы Мұхаммед Энес Кала, Әзербайжан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Салим Бабуллаоглы, Қырғызстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Атантай Акбаров, Өзбекстан Жазушылар одағының өкілі Дильфуза Каршибоева, Түрікменстан Мәдениет министрлігінің өкілі Акмурат Реджепов, Әзербайжанның Халық ақыны Вахид Азиз және түркі әлемінің көрнекті ақын-жазушылары, әдебиеттанушылары мен мәдениет қайраткерлері қатысты.

Фестивальдің негізгі бағдарламасы аясында поэзиялық оқулар, әдеби пікірталастар, шығармашылық кездесулер мен мәдени басқосулар ұйымдастырылды. Қатысушылар қазіргі түркі поэзиясының даму бағыттары, әдеби аударма, жас қаламгерлердің халықаралық ынтымақтастығы жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ олар Шуша қаласының тарихи-мәдени ескерткіштерін аралап, Қарабақ өңірінің бай рухани мұрасымен танысты.

Фестивальдің марапаттау рәсімі Молла Панах Вагиф музей-кесенесінің алдында өтті. Түркі дүниесінің жас ақындарына арналған жоғары марапаттарды Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Адиль Керимли мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев салтанатты түрде табыстады.

Биылғы фестивальде қазақ ақындары ерекше нәтижеге қол жеткізді. Жас ақындар Еділбек Дүйсен, Құндыз Жұбаева және Әлихан Махаш түркі халықтарының ұлы шайыры Молла Панах Вагиф атындағы алтын медальмен марапатталса, Әлия Іңкәрбек пен Мақсат Дауылбай фестиваль дипломанты атанды.

Шушада өткен халықаралық фестиваль түркі дүниесінің жас қаламгерлеріне тәжірибе алмасып, өзара рухани байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берген маңызды әдеби алаң ретінде есте қалды.

Қазақстан Жазушылар одағы баспасөз қызметі

Scroll to Top