Жуырда Атырау облысының әкімі ауысты. Президенттің жарлығымен тағайындалған жаңа әкім – Болат Оралұлы Ақшолақов Қазақстанға белгілі азамат. Мұнай саласы мен Қазақстан энергетикасын бір кісідей білетін жоғары санаттағы маман. Марқұм Орал аға мен Қабиба апай жақсы, ақылды бала тәрбиелігіне риза болып аруақтарына тағзым етеміз. Атыраудың жаңа әкімі Болат Оралұлына жаңа жауапты жұмыста толайым табыстар тілейміз!

Бұған дейін Атырау облысын 5 жыл басқарған Серік Жамбылұлы Шәпкеновке Қазақстан Жазушыларының және жеке өзімнің атымнан мың алғыс айтамыз.
Серік Жамбылұлы аймақты жақсы білетін әкім ретінде халықтың ойынан шыға білді. Әсіресе әртүрлі әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу арқылы елдің алдындағы беделі өсті. Ана жылы Ақ Жайықтың суы көтеріліп, Атырау қаласын су алып кету қаупі төнгенде әкім ініміз Серік Жамбылұлы күндіз-түні қала тұрғындарымен бірге болды. Бұл-дағы әкімнің биік парасаты мен іскерлігінен хабар берсе керек.
Ал енді Серік Жамбылұлының мәдениетіміз пен әдебиетімізге жасаған қамқорлығы бір бөлек әңгіме.
Ол өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағының «Жұмысшы мамандықтары және Қазақстан жазушылары» деген атаумен өткен көшпелі пленумын өткізуге өзі тікелей араласып, арнайы баяндама жасады. Серік Жамбылұлының еңбек адамының көркем бейнесін жасауға қатысты соны ойларын пленумға қатысқан жазушылар әлі күнге дейін айтып жүр.
Елге жасаған жақсы істеріңді біз ұмытпаймыз, қадірлі Серік Жамбылұлы! Біз Сіздің еліміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға, мәдениетіміздің көркейіп гүлденуіне әлі де үлес қоса беретініңізге сеніміміз мол.
Жолың бола берсін, ел сыйлаған азамат!
Құрметпен,
Мереке Құлкенов,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының Төрағасы
