«ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БОЛАШАҒЫ»

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшылығы мен Шыңғыс Айтматов атындағы Институттың ұйымдастыруымен «Шыңғыс Айтматов – Түркі әлемінің болашағы» атты халықаралық форум өтті. Аталған ауқымды шараға Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов арнайы қатысып, бауырлас халықтың рухани бас қосуына құрмет көрсетті.

Форумның ресми бағдарламасы әйгілі қаламгердің өмірден өткеніне арналған еске алу рәсімімен басталды. Қатысушылар 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбандарына және Шыңғыс Айтматовтың мәңгілік мекеніне гүл шоқтарын қойып, құран бағыштады.

Одан әрі делегациялар Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясына бет бұрып, форумның салтанатты ашылуына қатысты. Форум жұмысына Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрі Мирбек Мамбеталиев, Ұлттық ғылым академиясының президенті, профессор Канатбек Абдрахматов, Түркия парламентінің депутаты, Шыңғыс Айтматов атындағы Институт президенті, профессор Ілияс Топсакал және өзге де көрнекті тұлғалар қатысты.

Форум барысында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, Шыңғыс Айтматов пен қазақ әдебиетінің арасындағы терең рухани сабақтастыққа айрықша тоқталды.

Шыңғыс Айтматов – бүкіл түркінің ғана емес, қазақтың да жүрегіне етене жақын қаламгер. Оның шығармалары қазақ оқырманына жастайынан таныс әрі ыстық. Қазақ әдебиеті мен Шыңғыс Айтматов – егіз ұғым. Өйткені Айтматовтың қаламынан туған көркем шындық біздің де рухани кеңістігімізбен үндес, тарихи тағдырымызбен тамырлас. Ол – барша түркі жұртының ортақ мұрасы, – деді Мереке Құлкенов.

Ол өз сөзінде Айтматовтың туындыларына қазақ қаламгерлері жазған рецензиялар мен ой-толғамдарды, қазақ тіліне жасалған көркем аудармаларды да атап өтіп, бұл байланыс бауырлас халықтардың әдеби ықпалдастығының жарқын үлгісі екенін жеткізді.

Іс-шара аясында Гапар Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық көркемсурет музейінде Шыңғыс Айтматовтың өмірі мен шығармашылығынан шабыт алған суретшілердің туындыларынан арнайы көрме ашылды. Көрменің лентасы қиылып, қатысушылар экспозициямен танысты.

Сондай-ақ форум қонақтары әйгілі жазушының Бішкектегі үй-мұражайына барып, Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық әлеміне жақыннан үңілуге мүмкіндік алды.

Бұл форум – түркі елдерінің рухани байланысын тереңдетіп, Шыңғыс Айтматов мұрасын ұлықтауға бағытталған маңызды мәдени шаралардың бірі ретінде есте қалды.

Scroll to Top