Зейнолла Сәнік атындағы аудитория ашылды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 85 жылдық мерейтойы аясында жазушы, этнограф-ғалым Зейнолла Сәнік атындағы этнография аудиториясының ашылу рәсімі өтті.

Дәрісхананың тұсаукесер рәсіміе Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, “Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының” құрылтайшылары, ғалымның ұрпақтары Зейнолла Қанат пен Зейнолла Сауле, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының кеңесшісі Әміржан Қосанов, ақын, қордың атқарушы директоры Серік Қалиев, мәдениет, әдебиет және ғылым саласының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Зейнолла Сәнік еңбектерінің этнография, тарих және әдебиет салаларындағы маңызы мен қазақ мәдениетіне қосқан зор үлесі айтылды.

Аудиторияда ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған бұрыш жасақталып, оның еңбектері мен фотосуреттері қойылды. Бұл аудитория – ұлт мұрасын дәріптеу мен жас зерттеушілерге өнеге болар тағылымды бастама ретінде ұйымдастырылды.

Scroll to Top