Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық әріптестікті іске асыруға бағытталған «Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсы 2026 жылы да жалғасын тапты.
21 маусым күні әдеби шеберлік мектебінің алғашқы күні бастау алды.Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 20 жас қаламгер алдағы 10 күн бойы өз шеберлігін шыңдап, танымал қазақстандық және шетелдік жазушылар мен әдебиеттанушы ғалымдардан дәріс тыңдайтын болады.
Курстың алғашқы күні кіріспе сөз сөйлеп, биылғы мектепті ашып берген Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов:
— 2024 жылы біз ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, әдебиетті дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобаларды қолға алып, үш ірі жобаны жүзеге асыра бастадық.
Осы жобалардың ішінде бүгінгі Әдеби шеберлік мектебі — ерекше мәнге ие. Бұл мектептің басты мақсаты — жас әдебиетшілердің шығармашылық әлеуетін ашу, шеберлігін шыңдау, кәсіби бағыт-бағдар беру. Біз бұл мектеп арқылы тек жазу техникасын ғана емес, әдебиетке деген терең көзқарас пен жауапкершілікті де үйреткіміз келеді.
Бұған дейінгі екі жылда да өткен шеберлік мектебі өте табысты өтті. Сабақтарға шетелдік және отандық танымал қаламгерлер қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жас жазушыларға шабыт сыйлады. Жиын соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.
Биылғы шеберлік мектебі де жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Шетелдік оқытушылардың қатарында биылғы жылдың басты әдеби жаңалығы әлемге әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының иегері Мо Янь дәріс оқиды. Бұл қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған үлкен жаңалық.
Құрметті жастар, бұл мектеп сіздердің үлкен әдеби жолдарыңыздың бастауы болсын,- деп атап өтті.
Алдағы уақытта Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі шеберлік мектебінен тұрақты түрде ақпарат таратып отыратын болады.



