
Қазақстан Жазушылар одағының Атырауда өткен көшпелі пленумы әдебиет тарихында бұрын-соңды болмаған тың бастамамен ерекшеленді. Қалам мен қайырымды қолдың, шығармашылық пен шынайы жанашырлықтың тоғысқан тұсы – «Сөз – сыбаға» әдеби аукционы еліміздің әдеби кеңістігіне жаңа леп, жаңа үлгі әкелді.
Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтің айтқан сөздері мен идеясы ел ішіндегі әдебиет пен еңбек ұғымының арасына алтын көпір орнатқандай әсер етті:
«Осы көшпелі пленумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп отырған жазушылар еңбек адамы, жұмысшы мамандықтары туралы тақырыпты қалай зерттеп, қалай жазуды жан-жақты талқылап, тиісті шешімдер қабылдайды деп сенемін», – деді төраға.

Пленум аясында шығармашылық пен меценаттықтың арасында бұрын-соңды болмаған серіктестік құрылды. Жаңа туындыларға дем беруге ниет еткен кәсіпкерлер мен меценаттар белгілі қаламгерлермен меморандум жасасты. Бұл – әдебиетке жанашырлықтың жарқын көрінісі.
«Ерен еңбегімен ірі компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің табысын еселеп жатқан жұмысшы қауымы туралы көркем шығармалар жазатын талантты авторларға жан-жақты жағдай жасау – сол бизнес құрылымдарының қасиетті борышына айналуы керек. Сол себепті біз ойлана келе, жазушы мен кәсіпкердің арасын жалғайтын, әдебиет арқылы еңбек адамының бейнесін сомдайтын «Сөз – сыбаға» атты әдеби аукционды ұйымдастыруды жөн санадық» – деген Мереке Құлкеновтің бұл пікірі қазіргі заманда әдебиетті қолдаудың жаңа тетігі ретінде бағаланды.
«Сөз – сыбаға» – қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған әдеби аукцион. Бұған дейін мұндай форматта қаламгер мен кәсіпкердің, шығармашылық пен еңбек адамының мүддесін тоғыстырған жобаның болмағаны анық. Аталған аукцион арқылы еңбек адамының қоғамдағы рөлін көркем әдебиет арқылы таныту, жұмысшы мамандықтарының абыройын көтеру, шығармашылықты қолдаудың жаңа үлгісін жасау көзделді.
Аукционға қойылған 10 әдеби лот – болашақта жазылатын шығармалар жобасы ретінде ұсынылды. Әр лот – еңбек адамының тағдырын, өмір жолын, қоғамдағы орнын көркем бейнелеуге арналған. Қаламгерлер өз тарапынан жаңа туынды жазуға ниет білдірсе, өңірдің белгілі кәсіпкерлері мен меценаттары таңдаған авторымен меморандум бекітіп, шығарманы демеуге ниет білдірді. Бұл – тек бір реттік шара емес, болашақта еліміздің өзге де аймақтарында жалғасын табуы қажет тұрақты дәстүрге айналуы тиіс игі бастама.
Әдебиетке демеуші болған азаматтар:
Бұл ауқымды шараға еліміздің батыс өңірінен шыққан, өз ісінде жетістікке жеткен, ел алдындағы азаматтық борышын терең сезінетін бірқатар меценаттар мен кәсіпкерлер қатысты. Олар:
•Жұмағұлов Төкен Танаұлы – «Құрмет», «Парасат», ІІ және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, бірнеше облыс пен ауданның Құрметті азаматы, «Теңізмұнайқұрылыс» АҚ президенті;
•Розметов Владимир Федорович – Қазақстанның Еңбек Ері, «Атырау агроөнімдері» ЖШС президенті, ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосып жүрген тұлға;
•Сарманов Мұрат – Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, «Нұр дала» агрофирмасының жетекшісі;
•Әбілхарес Жеңісбек – мұнай саласының майталманы, халық қалаулысы, әлеуметтік мәселелерге жаны ашитын азамат;
•Қаршыгенов Оразғали – энергетика саласының білгірі, 3-дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымының депутаты;
•Балжігітовтер отбасы – Жылыой өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан елге сыйлы әулет;
•Әмірғалиев Мұрат – «Амангелді» балық кооперативінің жетекшісі, өңірдегі балық шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп отырған кәсіпкер;
•Сұлтанов Сабыржан – асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын, өңірге белгілі малбегі.
Аталған азаматтар өз таңдауларын жасап, еңбек тақырыбында шығармалар жазуға ниет білдірген: Қадыр Жүсіп, Гүлзада Ниетқалиева, Төлеген Жаңабайұлы, Әлия Дәулетбаева, Бақытгүл Бабаш, Сәулеш Шәтенова, Ғұмаров Қанат, Үміт Жәлекеқызы, Назарбек Нұрмағанбетов, Еркеназ Еркінқызы, Асланбек Шығыров сынды танымал ақын-жазушылармен шығармашылық келісім жасасты.
Бұл келісімнің нәтижесінде еңбек адамын ардақтайтын, жұмысшы мамандығының рухын асқақтататын тың дүниелер жазылады деп күтілуде. Ең бастысы – әрбір шығарма Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен жеке кітап болып жарық көріп, оның барлық шығынын меценаттар өз мойнына алады.
Бастамасы – Атырау, жалғасы – Алаш. «Сөз – сыбаға» – тек әдебиет пен демеушілік арасындағы серіктестік қана емес, ол – қоғам мен шығармашылықтың рухани үндестігі. Бұл – әдебиетке жаңа тыныс, еңбек адамына лайықты құрмет, кәсіпкерлікке рухани серпін.
Атыраудан бастау алған бұл игі дәстүр алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде жалғасын тауып, әдебиет пен азаматтықтың арасына алтын көпір орнатары сөзсіз. Ең бастысы – бұл жоба ауқымды насихатты ғана емес, рухани қолдауды да қажет етеді. Әдебиет пен еңбек егіз ұғымға айналғанда, қоғамның діңгегі де, ділі де нық болары анық.
