ҮМІТКЕРДЕН АРНАЙЫ МІНЕЗДЕМЕ ТАЛАП ЕТІЛСІН

Еліміздің беткеұстар үлкен университетіміздегі соңғы ұнамсыз оқиғалардың орын алуы бұрынғы түлектерін де  бей-жай қалдырмағаны анық. Оны осыған орай пікір білдіріп жатқан жандардың жазған постары мен түрлі жазбаларынан байқаймыз. Мен өз басым басқа оқу орнының түлегі болсам да, үнсіз отыра алмадым.

Осы келеңсіз оқиғаны пайдаланып, университеттегі тәрбие жұмысы ақсап жатыр деп сынаушылар да аз емес.  Бұл мәселеге қатысты өзімнің жеке пікірім мынандай.  Баланы тәрбиелеу балабақшадан басталатыны белгілі. Тіпті жапон ғалымдары оның өзін кеш деп есептейді екен. Олардың  кейбірі нәресте ананың ішінде жатқанда бастау керек деген ойға табан тірейді. Қазақ ғалымы, дәрігер-педагог Советхан Ғаббасов осы мәселе төңірегінде «Құрсақ тәрбиесі» деген кітап жазып, сәби өмірге келмей жатып қалай тәрбие жүргізуге болатынын теориялық тұрғыдан дәлелдей отырып, жан-жақты талдап көрсеткен еді.

Демек «Құрсақ тәрбиесі» деген ұғым ешқандайда бос сөз емес. Ал бала өмірге келгеннен кейін, тәрбие жұмыстары балабақшадағы ясли, кіші және орта жастағы, ересектер тобы деп жастық кезеңдеріне  орай бөлінетіні мәлім. Одан кейін мектеп. Олардың  өзін жастық кезеңдеріне орай дайындық тобы, бастауыш, орта және жоғары сыныптар деп тағы бөліп қарастырылады. Осының бәрі ғылыми тұрғыдан негізделген.

Одан басқа осы кезеңдер ішінде ата-аналар тәрбиесі мен көше ықпалы деген ұғымдар және бар. Олардың тәрбиеге тікелей ықпал жасай алатынына көз жұмып қарауға болмайтыны тәжірибе жүзінде дәлелденіп келеді. Осыдан шығатын қорытынды жоғары оқу орнының табалдырығын он жеті жасында ашқан жас адамның адамгершілік-моральдық болмысы, психологиялық ахуалы әбден қалыптасып болған, тұрақталған индивид. Ондай тұлғаға жақсы мен жаманның не екендігін түсіндіріп, «Жаман болма, жақс бол» дегендей ақыл айту тым кеш. Соған қарамай ақыл айтып көрсеңіз, ол ақылыңыз қолме қойғандай қылып, дереу қона қалады деп сену қиын.

«Ал онда жоғары оқу орындарына тәрбие жұмысы не үшін керек?» деген сұрақ туындайды. «Ол сылдыр мен бұл сылдыр тең емес» дегендей ересек адамдар арасында жүргізідетін тәрбие жұмыстарының функциясы басқашалау. Қалыптасқан саналы жандарға арналған бұндай тәрбие адамның одан әрі дами түсуіне бағытталған.
Ендеше жеке адам ретінде қалыптасқан адамның бұзақылық әрекеттерін, аморльдық түсінігін жоғары оқу орындарының ұстаздарына жаба салуға болмайды. Мысалы, 1-курс студентін қасақана өлтіру фактісінің ар жағында бұзақылардың осыған дейінгі тәрбиесінде ақаулықтар орын алғандығын көрсетеді. Ең алдымен ол – ата-ананың байқамай немесе салғырттықпен жіберіп қойған қателігі. Оқуға қабылдау барысында үміткердің адамдық-имандылық сипатының қандай екендігін  бірден анықтау қиын. Алдыңда отырған студенттің ішкі әлемін бірден бағалау  тіпті де мүмкін емес. Көзіңе жап-жақсы көрінген жас адамның ішінде қандай ит өліп жатқанын кім біліпті.
Осыдан шығатын қорытынды – дереу университет ұстаздарын кіналап, оларды дереу жазалау қисынға келе қоймайды. Сонымен бьірге оқуға түсу үшін қажат тапсырып отырған әрбір үміткерден адамгершілік деңгейінің қандай екендігін білдіретін мінездеме талап ету керек. Ол мінездемеге тек мектеп ұжымының жауапты тұлғалары ғана емес, жергілікті әкімдік пен ішкі істер өкілі де қол қойып, растауы керек. Егер сол бала кейін бұзықтық жасайтын болса, сол қол қойған тұлғалар тікелей жауап беруі тиіс.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, орын алған келеңсіз жайлар Әл-Фараби атындағы Ұлттықуниверситетінің халықаралық рейтингісіне көлеңке түсірмеуі керек деп санаймын.


Нұрдәулет Ақыш, жазушы

Scroll to Top